Аустрия

Орталық Еуропадағы мемлекет
(Австрия бетінен бағытталды)
Координаттар: 47°26′00″ с. е. 13°39′00″ ш. б. / 47.43333° с. е. 13.65000° ш. б. / 47.43333; 13.65000 (G) (O) (Я)

Аустрия (нем. Österreich, ХФӘ: [ˈøːstɐˌʁaɪç] Файл жайлы ақпарат тыңдау), ресми атауы — Аустрия Республикасы (нем. Republik Österreich) — Орталық Eуропада oрналасқан мемлекет. Солтүстігінде Чехия мен Германиямен, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Словения, Мажарстан және Италиямен, батысында Швейцариямен, Лихтенштейнмен шектеседі. Жері — 83 871 км², халқы — 9 027 999 (2022 жылғы мәлімет). Астанасы — Вена қаласы.

Аустрия Республикасы
нем. Republik Österreich
Байрақ Елтаңба
Әнұран: «Land der Berge, Land am Strome (Таулар мен судың шеті, ағындардың елі)» (тыңдау )
Аустрияның орналасуы (қою жасыл):
Еуропада (ашық жасыл және қою сұр)
Еуроодақта (ашық жасыл)
Тарихы
Тәуелсіздік күні 12 қараша 1918 жылы (Аустрия-Мажарстаннан), 15 мамыр 1955 жылы (Үшінші Рейхтің басқыншылығы және одақтас әскерлер мен КСРО-ның басқыншылығынан кейін)
Мемлекеттік құрылымы
Ресми тілдері неміс тілі;
аймақтық тілдер:
градищан-хорват,
мажар,
словен тілдері
Елорда Вена
Ірі қалалары Вена, Грац, Линц, Зальцбург, Инсбрук
Үкімет түрі Федеративті парламенттік республика
Федералды президенті
Федералды канцлері
Федералды кеңес төрағасы
Ұлттық кеңес төрағасы
Александр Ван дер Беллен
Карл Неһамэр
Андреа Эдер-Гитчталер
Вольфганг Соботка
Мемлекеттік діні зайырлы мемлекет
Географиясы
Жер аумағы
• Барлығы
• % су беті
Әлем бойынша 113-ші орын
83 879 км²
1,7
Жұрты
• Сарап (2018)
Тығыздығы

8 857 960[1] адам (96-шы)
104 адам/км² (106-шы)
Экономикасы
ЖІӨ (АҚТ)
 • Қорытынды (2018)
 • Жан басына шаққанда

461,432 млрд.[2] $ (35-ші)
51,936[2] $ (17-ші)
ЖІӨ (номинал)
 • Қорытынды (2018)
 • Жан басына шаққанда

477,672 млрд.[2] $ (29-шы)
53,764[2] $ (14-ші)
АДИ (2017) 0,908[3] (өте жоғары) (20-шы)
Этнохороним аустриялықтар, аустриялық
Валютасы еуро (EUR, €)
Қосымша мәліметтер
Интернет үйшігі .at
ISO коды AUT
ХОК коды AUT
Телефон коды +43
Уақыт белдеулері (UTC+1, жазда UTC+2)

Аустрияда Моцарт, Бетховен, Шуберт, Штраус сынды атақты композиторлар тұрып, еңбек еткен. Аустриялақтардың ұлттық әуендері – Вена вальстері мен йодль әндері. Аустрияға жылына жергілікті халық санына жуық, яғни 7 млн. шетелдік туристер келіп қайтады.

Мемлекеттік құрылысы

өңдеу

Қазіргі конституциясы 1920 жылы қабылданған (1929 жылы біраз өзгертілер енгізілген). Заң шығаратын өкіметтің жоғары органы - екі палаталы парламент. Мемлекеттік басшысы - президент парламент арқылы 6 жылға сайланады. Парламенттің Ұлттық кеңесі мен Федералдық кеңесі президенттің антын қабылдау және соғыс жариялау туралы мәселені шешу үшін біріккен жиналыс өткізеді. Жергілікті әрбір аймақтың өз конституциясы, парламенті (ландтаг) бар. Сот жүйесіне Жоғарғы сот басшылық етеді. Соттың төменгі инстанциясы - аймақтық сот. Жергілікті үкіметтен парламентке дейін сайлау жүйесі қолданылады.

Әкімшілік құрылымы

өңдеу
 
Аустрияның Федералдық Жерлері

Елдің Конституциясы бойынша Аустрия 9 өлкеден (немісше - Bundesland) тұратын Федеративтік Республика.

Аустрияның өлкелері:

  1. Бургенланд - жер аумағы: 3966 км² (Аустрия жерлері арасында 7-ші орын), халқы: 278 000 (9-шы орын), астанасы: Айзенштадт қаласы;
  2. Каринтия - жер аумағы: 9536 км² (5-ші орын), халқы: 559 000 (6-шы орын), астанасы: Клагенфурт қаласы;
  3. Төменгі Аустрия- жер аумағы: 19 178 км² (1-ші орын), халқы: 1 546 000 (2-ші орын), астанасы: Санкт-Пельтен қаласы;
  4. Жоғарғы Аустрия - жер аумағы: 11 980 км² (4-ші орын), халқы 1 377 000 (3-ші орын), астанасы Линц қаласы;
  5. Зальцбург - жер аумағы: 7 154 км² (6-ші орын), халқы: 515 000 (7-ші орын), астанасы Зальцбург қаласы;
  6. Штирия - жер аумағы: 16 392 км² (2-ші орын), халқы: 1 183 000 (4-ші орын), астанасы Грац қаласы;
  7. Тироль - жер аумағы: 12 648 км² (3-ші орын), халқы: 701 556 (5-ші орын) Инсбрук қаласы;
  8. Форарльберг - жер аумағы: 2 601 км² (8-ші орын), халқы: 360 000 (8-ші орын), Брегенц қаласы;
  9. Вена - жер аумағы: 414 км² (9 -шы орын), халқы: 1 670 000 (1-ші орын), Вена қаласы.

Табиғаты

өңдеу

Аустрия — таулы ел. Жерінің көбін Шығыс Альпі алып жатыр. Ең биік жері - Биік Тауэрн жотасындағы Гросглокнер (3797 м) шыңы. Альпінің бірқатар шыңдарын мұздық басқан. Елдің шығысында Дунай жазығы жатыр.

Пайдалы қазбалар: қоңыр көмір, мұнай мен газ, темір рудасы, магнезит, графит, қорғасын, мырыш, мыс, ас тұзы.

Климаты қоңыржай, шығысында біраз континеттік болып келеді. Жазы жылы, орта температурасы +20ºС. Қысы жазық жерлерде жұмсақ, ауаның орта температурасы −2 °C, ал таулы жерлерінде суық, −14ºС-қа дейін барады. Жауын-шашынның жылдық мөлшері, жердің рельефіне байланысты 500-ден 3000 мм дейін болады.

Кеме жүзетін үлкен өзені — Дунай. Оның басты салалары — Инн, Драва, Морава, Энс гидроэнергия қорына бай.

Аустрия жерінің 38%-ы орман, ол негізінен тау беткейлерінде. Олардың жоғарғы белдеулерінде шырша, қарағай, май қарағай, шамшат, емен өседі.

Халқы

өңдеу
 
Аустрияда өткен гей-парад

Халық саны (2022) — 9 027 999 адам. 2006 жылғы санақтың мәліметі бойынша, ең ірі этникалық тобы - неміс тілді аустриялықтар, олар жалпы мемлекеттің халқының 88,6 %-ын құрайды.

Негізгі ресми тілі - неміс тілі. Алайда, сөйлеу стилі неміс тілінің ресми түрінен қатты айқындалып, неміс тілінің аустриялық нұсқасы деп аталады. Бұл сөйлеу диалекті Швейцарияның неміс тіліне және Германияның бавар диалектіне ұқсас.

Одан басқа 6 ұлттық азшылдық топтары бар: хорваттар, словактар, мажарлар, чехтар, сығандар (барлығы шамасы 300 мыңдай адам болады). Словактар, хорваттар мен мажарлар көбіне Штирияның, Каринтияның және Бургерлантың аудандарында тұрады. Аутриялықтардың көбі өздерін тек қана аустриялықтар деп атамай, тегі шыққан провинцияның атауымен атайды: штириялық, тирльдық т.с.с.

Географиясы

өңдеу

Жерін шығыстан бастысқа қарай созылған Альп тау жоталары алып жатыр. Оның қарлы шыңдарынан жүздеген тау өзендері мен сарқырамалар бастау алады. Олардың бірталайының бойына су станциялары салынған. Тау беткейлерін орман, негізінен шырша мен май қарағай жапқан. Одан жоғарыда жайқалған тау шалғыны созылып жатыр.

Өзен аңғарларының климаты қоныржай жылы әрі жұмсақ. Ежелгі өзендердің ішінде кеме жүзуге жарайтын жалғыз Дунай ғана.

Тарихы

өңдеу

Аустрия атауы алғашқы рет 996 жылы 1 қарашада жазылған құжатта кездеседі. 1156 жылдан бастап Аустрия — «Қасиетті Рим империясы» құрамындағы герцогтық. XIII ғасырдың соңынан онда Габсбургтер әулеті билік жүргізді, 1453 жылдан — эрцгерцогтық.

XVIII ғасыр Габсбургтер Бельгияны, Италияны, поляк, украин жерлерінің біразын өзіне қаратты. 17—18 ғасырларда Аустрия монархиясы Түркиямен, Франциямен, Пруссиямен болған соғыстарға қатысты. 1804 жылдан Габсбургтер империясы болып аталды. 1859 жылы Франция мен Италияға қарсы соғыста Ломбардиядан айырылды. 1866 жылы Пруссияға қарсы соғыста жеңіліс тапты.[4]

 
Вена - Аустрияның елордасы

1156 — Аустрия Бавариядан шығып тәуелсіз мемлекет болады

1526 — Аустрия Хорватияны басып алады

1687Мажарстан мен Трансильвания Аустрияға кіреді

1772 — Аустрия Галиция аумағын өзіне қосады

18041867 — Аустрия Империясы жарияланды.

18671918 — Аустрия–Мажарстан монархиясы құрылды.Бірінші дүниежүзілік соғыста соғыста Аустрия–Мажарстан Герман империясының басты одақтасы болды. Аустрия–Мажарстан монархиясы ыдырағаннан кейін 1918 жылы карашада Аустрия республикасы құрылды.

1938 жылы наурызда герман әскерлері Аустрияға басып кіріп, Германияға қосып алды. Бұл оқиға аншлюс деп аталады. Аустрияның нацистер үстемдік еткен 7 жылы оның тарихындағы ең қаралы кезең болды.

Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Аустрия Гитлер әскерінің қарулы шабуылының алғашқы құрбандарының бірі болды.

1943 жылы Мәскеуде КСРО, Ұлыбритания, АҚШ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қабылданган декларация бойынша Германияның Аустрияны қосып алуы заңсыз деп танылды. 1945 жылы наурызда Кеңес әскерлері Аустрия шекарасынан өтіп, 13 сәуірде Венаны азат етті. Бірақ Аустрия бірден тәуелсіз мемлекет бола алмады. Бірнеше жыл бойы ол Франция, АҚШ, Ұлыбритания және КСРО арасында 4 оккупациялық аймаққа бөлінген қалпында кала берді.

1945 жылы сәуірінде Кеңес Армиясы Венаны және елдің көпшілік бөлігін азат етті.

1955 жылы 15 мамырда Венада КСРО, АҚШ, Англия, Франция, Аустрия мемлекеттерінің өкілдері Аустрияның тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы шартқа қол қойды. Аустриядан шетел әскерлері шығарылды, сөйтіп ол қайтадан тәуелсіз ел болып, сол жылы қазан айында елдің парламенті Аустрияның тұрақты бейтараптығы туралы конституциялық заң қабылдады, ал 1955 жылы желтоқсанда БҰҰ-ға мүше болып қабылданды. Аустрияның сыртқы саясаты 1955 жылы 15 мамырдағы шартта көрсетілген міндеттемелер мен тұрақты бейтараптық мәртебесіне негізделген.

1996 жылдың 1 қаңтарынан Еуроодаққа мүше болып кабылданды.

1992 жылы 19 ақпанда Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қатынас орнатты.

Экономикасы

өңдеу

Аустрия экономикасы нарықтық қатынастар негізінде дамыған индустриялы-аграрлы мемлекет. Ел экономикасына ГФР компанияларының ықпалы күшті.

Аустрия жылына 0,5 млн. тонна көмір, 1 млн. тонна мұнай, 4,5 млн. тонна болат және 54,9 млн. кВТ сағат электр энергиясын өндіреді (1996 ж.). Дамушы өнеркәсіп салаларынан қара металлургия, алюминий өнеркәсібі, машина жасау (станоктар, транспорттық машиналар, электротехникалық бұйымдар), химия өнеркәсібі (азот тыңайтқышы, күкірт қышқылы, жасанды талшық, резина шығару), ағаш өндеу және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі өркендеген.

Аустрия шаруашылығанды мал шаруашылығының маңызы өте үлкен. Егіншілікпен қатар бау-бақша, жүзім шаруашылықтары дамыған. Аустрияның ұлттық табысы жылына 202,8 млрд. американ доллары болса, оны жан басына шаққанда 25,2 мың долллардан келеді. Соңғы көрсеткіш бойынша Аустрия Еуропа экономикалық аймағы бойынша алтыншы орында. Экспортқа жылына 55 млрд. доллардың өнімі шығарылып, 65 млрд. доллардың өнімі сырттан әкелінеді. Ал дүниежүзілік ішкі жиынтық өнімдегі Аустрияның үлесі 0,5%-тен сәл артық.

Музыкасы

өңдеу

Аустрия музыка елі деген атпен белгілі. Оның музыкасы өнерінің қалыптасуына елдің географиялық орны және оны мекендейтін халықтардың (мажар, словак, серб, чех, украин, румын, хорват, т.б.) мәдениеті мен салт-дәстүрлері тікелей әсер етті. Еуропаның дәл ортасында тұрған Аустрия музыкасы Германия мен Италияның кәсіби өнерімен тығыз байланысты дамыды. Орта ғасырдың басында мұнда лирикалық ән өнері кеңінен дами бастады.

8 - 13 ғасырда музыка өнерінің шіркеулердің мектепте ән сабағын жүргізуі, көпшіліктің музыка мен биді қатыстыра отырып, діни көріністер ұйымдастыруы маңызды ықпал етті.

12 - 13 ғасырда музыка мәдениеті, негізінен, сарай, өнері түрінде дамыды. Ал 14 ғасырдың соңында көп дауысты хор дүниеге келді.15 ғасырда сарай капеллалары пайда болды (Вена, Инсбурк, Грац қ.), кәсіби капельмейстерлер (Ю.Слатконья, Г.Финн), органшылар (П.Хофхаймер, Х.Грауэндорфер, К.Краль, т.б.) жұмыс істеді.

Вена ун-тінің ұйымдастырылуы(1365 жылы) Аустрияда музыканың дамуын жаңа сатыға көтерді. Студенттер мен Әулие Иштуан шіркеуінің әнші-оқушылары мерекелік жиындарда бірігіп хор орындауды дәстүрге айналдырды.

16 ғасырдың ортасында хордың, би музыкасының сүйемелдеуімен көпшілікке арналған студенттік спектакльдер қойыла бастады.Осындай театрлар кейін Аустрияның барлық ірі қалаларында құрылды. Әсіресе, көне дәстүрі бар Зальцбург театрларының атағы кең тарады (Осы театрға арнап Вольфганг Амадей Моцарт 11 жасында Аполлон мен Гиацинт атты латын комедиясына музыка жазған).

17 - 18 ғасырларда Италияның опера оратория және шіркеу музыкасының шеберлері (А.Чести, Н.Порпора, А.Сальери, т.б.) Венада жұмыс істеді. Бұл Венаның ірі опера өнері орталығына айналуына әсер етті. 18 ғасырдың ортасынан бастап аспаптық музыка дамыды.

Йозеф Гайдн, Вольфганг Амадей Моцарт, Людвиг ван Бетховен бастаған Венаның классикалық музыка мектебі пайда болды.

Бұлардың ыңғайындағы К.Глюк опера өнерінде реформа жасап музыканы сахналық драматургия заңдарына бағындырып, вокалдық шығармады сөз бен әуеннің біртұтастығын енгізді. Осыларға 19 ғасырдың бірінші жартысында Ф.Шуберт жеңіл әуенді тұрмыс-малт музыкасына негізделген романтизмді қосты.

19 ғасырда Аустрия вальстың отаны атанды. Оның негізін салушылар Й.Ланнер және Штраустар әулеті болды.19 ғасырдың басында Г.Маллер Аустрияда симфониялық музыканы өзінің тарихи биігіне көтерді.

20 ғасырдың ортасында романтикалық реализм бағытындағы музыка мектебі қалыптаса бастады.А.Кауфман, Ф.Вильдганс, кейін М.Рубин, аға буыннан А.Уль осы мектепті ұстанды. Аустрияның музыкасының дамуы мен танылуына Й.Й.Фукс, Й.Й.Альбрехтсбергер, Р.Валлашек, Р.Лахман, О.Э.Дейч, В.Фишер, Э.Шенк сияқты музыка танушылар, Г.Малер, Ф.Шальк, К.Краус, Э.Клейбер, Г. фон Караян, Ф.Штидри сияқты дирижерлер, З.Тальберг, Э.Зауэр, Ф.Гульда сияқты пианистер, Ф.Крейслер, Й.Майзедер, В.Шнейдерхан сияқты скрипкашылар, И.Фогль, А.Дермота, К.Унгер, А.Мильдер-Хауптман, М.Брандт, И.Зефрид сияқты әншілер көп еңбек сіңірді.

Вена қаласында мемлекеттік опера, Фолк-сопер театры, камералық театр, Музыка мен сахна өнерінің академиясы, консерватория, Музыка достарының қоғамы бар. Халықаралық жаңа музыка қоғамының аустриялық бөлімі, жастардың халықаралық музыка федерациясы, Венаның ер балалар хоры, Вена-Моцарт қоғамы, Штирийск музыка қоғамы (Грай қаласында) тұрақты жұмыс істейді. Аустрия композиторлар одағы, Зальцбургте моцарттанудың ірі орталығы - Халықаралық Моцартеум қоғамы(1841 жылы) бар. Вена, Зальцбург, Грац қалаларында музыка мен драма өнері академиялары құрылған. Вена, Зальцбург, Брегенц қаласында тұрақты музыкалық фестивальдар өтіп тұрады.

Театры

өңдеу

Аустрияда 14-15 ғасырдан қала алаңдары және жәрмеңкелерде көрсетілген миракль, мистерия түріндегі ойы-сауық, ал 16 ғасырда кезбе-актерлер тобы, 16-7 ғасырда иезуиттер театры пайда болды.18 ғасырдың басында Аустрия театр өнерінің дамуына әсер еткен актер әрі драматург Й.Страницкий Венада тұңғыш тұрақты театр(1712) ұйымдастырды. 1741 жылы Венада "Бургтеатр" аталған Патшалық театр ашылды."Бургтеатрдың" қалыптасуына режиссер әрі журналист Й.Шрейфогельдің басшылығымен жұмыс жасаған С.Шрейдер, М.Корн, Г.Аншюц сияқты актерлер көп еңбек сіңірді. 18 ғасырдың соңында Вена маңайында ашылған театрларда ("Леопольдштаттеатр", "1781; Виденертеатр", 1787; "Иозефштатеатр", 1788) В.Моцарттың, Й.Гайднның опералары қойылды.

19 ғасырдың басында осындай ұсақ театрлар өзінің шарықтау биігіне көтерілді. Оған драматург-актерлер Ф.Раймунд пен И.Нестройдың ұлттық комедия жанрындағы шығармалары мен демократиялық бағыттағы еңбектері себеп болды. 20 ғасырдың ортасында Аустрия театры ұлттық өнерді дамыту жолындағы жұмысын жаңаша жандандыруға кірісті. Зальцбургте халықаралық театр фестивалі өткізіліп тұрады. Венадағы бейнелеу өнері мен музыка академиясы жанында Вена театр тану инститтуты мен М.Рейнхардт семинары ғылыми орталығы бар.

Аустрияның ірі қалалары

өңдеу

Діні

өңдеу

2001 жылы өткен халықтық есепке сәйкес, Аустрия халқының 73,6% — католиктер, 4,7% — лютерандықтар, 4,2% - мұсылмандар, 2,2% - православиялық християндар, 0,1% - иудаизм дінін сенушілер; барлығы 12 конфессиялары тіркелген. Халықтың 12% өзін ешкандай дінге жатқызбайды. (1991 жылы олар халықтың 8,6% құраған).

Панорама

өңдеу
Дунай

Дереккөздер

өңдеу
  1. Population by Year-/Quarter-beginning (7 November 2018).
  2. a b c d Austria. International Monetary Fund (1 April 2018). Тексерілді, 23 шілде 2018.
  3. 2018 Human Development Report. United Nations Development Programme (2018). Тексерілді, 14 қыркүйек 2018.
  4. Қазіргі дүние географиясы: Хрестоматия. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқу құралы. / Қ. Ахметов, Т. Увалиев, Г. Түсіпбекова. —Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-36-216-5
  NODES
INTERN 1