Арал албырты (Salmo trutta aralensіs) – албырт тұқымдасына жататын жыртқыш балық. Арал теңізінде тіршілік еткен. Соңғы 30-40 жылда ол туралы ешқандай дерек кездеспеген, жойылып кетуі де мүмкін. Дене тұрқы 100 см, салмағы 13 – 14 кг. Денесі жұмыр, арқасы қара қоңыр, күмістей аппақ бүйірінде х тәрізді қара дақтары бар, май қанаты бауырында орналасқан. Жақтары мен ауыз қуысында майда тістері болады. Осы белгілері Арал албыртын Арал суындағы басқа түрлерден ерекшелендіреді. Арал албырты – өткінші балық. Уылдырығын қараша-желтоқсан айларында Әмударияға шашады. Майшабақтары теңізге шыққанша 2 жылдай өзендерде тіршілік етеді. Бұрын Арал теңізінде бірен-саран ауланатын, Әмударияда да кездесетін, осы өзенмен Кафирниган және Вахш салаларына дейін өрістейтін. Осы маңайда Әмудария бахтағымен будандасуы мүмкін болатын. Қолдан өсірілмеген, бұл түрдің қалпына қайта келуін Әмудариядағы жергілікті бахтахты пайдаланып іске асыру мүмкін сияқты, бірақ оның да әуесқойлық аулануын шектеу қажет.

Арал албырты майда балықтармен және ірі шаянтәрізділермен қоректенеді. Ол өте дәмді балық, бірақ кәсіптік маңызы жоқ. Саны аз, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. [1][2]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ энциклопедиясы I том
  2. Биология 6 сынып. Алматы, «Атамұра», 2006 2-басылымы
  NODES