Бактрия, Бактриана, Бактра — біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықта Орталық Азияда орналасқан мемлекет. Бактрия атауы парсы тілінде «Шығысқа қарайғы өлке» мағынасын береді. Аумағы қазіргі Тәжікстанның батысын, Өзбекстанның Сурхандария облысы мен Түрікменстанның шығыс өңірін, Ауғанстанның солтүстігін қамтыған.

Бактрия

Бактрия туралы жазба мәліметтер «Авеста» кітабында, парсы патшасы Дари жаздырған «Бехистун» және «Нақш-и Рүстем» жазуында, т.б. кездеседі. Халқы негізінен егіншілікпен айналысқан. Бактрияны біздің заманымыздан бұрынғы 329–321 жылдары Ескендір Зұлқарнайн жаулап алды. Кейіннен оның мемлекеті ыдырап, бактрияны біздің заманымыздан бұрынғы 250 жылы шамасында жаңа Тохарстан мемлекеті құрылды. Батыс Еуропа тарихшылары оны Грек-Бактрия патшалығы деп атады. Ол Орталық Азиядағы ежелгі ұлы мемлекеттердің бірі (біздің заманымыздан бұрынғы 250 жылы шамасы – біздің заманымыздан бұрынғы 140/30 жылы шамасы) болды. Біздің заманымыздан бұрынғы 2 ғасырдың ортасында Шығыс Түркістаннан келген Юечжи тайпалары Грек-Бактрия мемлекетін жойып, Кушан патшалығын орнатты. Бактрияда ірі қалалар, дәрісханалар, ғибадатханалар көп болған. Сол үшін ол «мың бір қала» мемлекеті деп аталған. Археологтардың жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде Бактрияның Бактрия (Балх), Деметриас (Термез), Мараканда (Самарқанд), Антиохия-Эехата (Тәжікстан), т.б. үлкен қалалары білім және мәдениет орталықтары ретінде танылған. Онда Орталық Азия мен Грекия мәдениеттері тоғысып, жаңа (эллиндік) өркениет туындады. Бактрияда теңгелер құйылды, олардың бір жағына патша портреті, екінші жағына Рим құдайларының бейнесі бедерленіп, аты жазылды. Алтын және күміс қасықтар, легендер, алқаларда да құдайлар, өсімдіктер мен аңдар бейнеленді. Халық шеберлері Анант және Митра құдайларының, алма ұстап отырған ана мен шабандоз мүсіндерін жасады.[1]

Бактриялық ер адам киімі Кафирниган (Тәжікстан). Бактриялық әйел адам киімі Кафирниган (Тәжікстан). Бактриялық әйел адам киімі Кафирниган (Тәжікстан). Бактриялық ер адам киімі Кафирниган (Тәжікстан).

Дереккөздер

өңдеу
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;


  NODES