Залалсыздандыру

(Дезинфекция бетінен бағытталды)

Залалсыздандыру, дезинфекция – адам мен жануарларда, өсімдіктерде ауру қоздыратын микроорганизмдерді жоюға бағытталған шаралар жүйесі. Залалсыздандыру – жұқпалы аурулардың кең таралып кетуін болдырмау шараларының бірі. Қазақ халқы залалсыздандыру тәсілдерін ерте заманнан бері қолданып келген. Мысалы, ауырған адамның ыдыс-аяғын бөлек ұстап қайнату, науқастан түскен шашты, тырнақты көміп тастау немесе өртеп жіберу; мал шарушылығында – қораларды, көң-қоқысты тазалап отыру, дәнді дақылдарды күнге кептіріп алу, т.б.

A.
Залалсыздандыру.

Қолдану мақсатына қарай залалсыздандыру екі түрге ажыратылады: сақтық (профилактикалық) залалсыздандыру және ошақтық залалсыздандыру (күнделікті немесе ағымдық және қорытынды).

  • Сақтық залалсыздандыру – алдын-ала тағамдық өнімдерді дайындайтын және сақтайтын жерлерді, малдан алынатын шикізат немесе тағамдық заттар сақтайтын мекемелерді, мал қораларын, астық қоймаларын, емхана және ауруханаларды, әжетханалар мен қоқыс жинайтын орындарды арнайы тәсілдер қолданып өңдеу.
  • Ошақтық залалсыздандыру – ауырған адам мен малдың қасында болып, олар сауығып кеткенге дейін күнделікті бақылау жүргізіп отыру, ауруды емдеуге алып кете салысымен және аурудан жазылып кеткеннен кейін немесе ауру (адам не мал) өліп қалғаннан кейін бірден (көп кешікпей) ауру орнын толық өңдеуден өткізу.

Залалсыздандырудың тәсілдері

өңдеу
  1. Механикалық залалсыздандыруда үй ішін шаңсорғышпен тазалап, сабындап жуып, желдетеді, мал қораны су шашып сыпырады, малдың тұрағының құрал-жабдығын тазартады.
  2. Физикалық залалсыздандыруда ультракүлгін, радиациялық, лазерлік сәулелермен, ультрадыбыспен өңдейді, қайнату, өртеу, бумен немесе ыстық ауамен өңдеу, т.б. пайдаланылады.
  3. Химиялық залалсыздандыруда қышқылдар мен сілтілер, формалин, хлор, хлорлы әк, натрий хлориді, хлорамин, фенол препараттары, тотықтырғыштар, т.б. қолданылады.[1]

Мал шаруашылығында қораларды, топырақты, суды, жиналған садыраны, көңді; өсімдік шаруашылығында тұқымды, екпе көшеттерді, топырақты, қоймаларды, т.б. залалсыздандырады. Мал қораларын залалсыздандыру: 1) шаруашылық жұқпалы аурудан аман болған жағдайда – малды жайылымға шығарған соң, көктемде; 2) мал қолға қарайтын кезде – күзде жүргізіледі. Залалсыздандыру шараларының көлемі, қолдану тәсілдері және тиісті дезинфекциялық ерітінділерді таңдап алу жұқпалы аурудың берілу механизміне, қоздырғыштың төзімділігіне, өңдеуге алынған заттардың қасиетіне және санына, тұрғын үй мен мал қораның көлеміне қарай таңдап алынады. Залалсыздандыру жұмыстарын келісімшарт бойынша санитарлық-эпидемиологиялық немесе дезинфекциялық станциялардың қызметкерлері атқарады.[2][3]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8
  2. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
  3. "Қазақ Энциклопедиясы", 4 том 3 бөлім


  NODES