Сыпай — Ағыншы — Тимаршы
 — Жаңа шерік — Низам-и Джедид
Флоты — Әуе күштері
Шайқастар: Еуропада — Ресеймен — Таяу Шығыста
 — Қамаулары мен жерге түсулері
Тағы қараңыз: Жаңартулары — Теңіз келісімдері
 — Қаптанпашалары


Жаңа шеріктер (осман: يڭيچرى / yeŋiçeri — жаңа әскер, жаңа шерік) — Османлы сұлтанының жеке әскерлерін және оққағарларын құраған топтар. Бұл әскер 14-ші ғасырда пайда болған, 1826 жылы сұлтан ІІ Махмұттың тарапынан таратылған.

Жаңа шеріктің пайда болуы

өңдеу
 
Мылтықпен қаруланған Османлы жаңа шеріктері, Родосты қамау, 1522.

Жаңа пайда болған Османлы империясының сұлтаны I Мұрат бұл әскери құраманы шамамен 1365 жылы ұйымдастырған. Ол әуел баста зиммилерден (мұсылман еместерден), әсіресе христиан жастарынан және тұтқындарынан тұратын. Олардың жағдайы Мысыр мәмлүктеріне ұқсас болатын. Сұлтан І-ші Мурад үлгі ретінде футууа топтарын алған болуы мүмкін.

Жаңа шеріктер сенімділігі және батылдығы кейде күмәнді болып отыратын тайпалық ғазилерді ығыстырып, османлылардың алғашқы тұрақты әскеріне айналды.

Жаңа шеріктердің арасына жаяу әскерден басқа әскер түрлері қосыла бастағаннан кейін, османлылардың тұрақты әскер құрамалары капыкулу («есіктегі құл») деп атала бастады. Алайда сол «капыкулулардың» бір бөлімі болған «жаңа шерік» атауымен жаңсақ болса да бүкіл Османлы капыкулу әскери топтары аталатын болды.

Жаңа шеріктердің маңызы

өңдеу
 
Жаңа шерік киімін киген Ататүрік

Жаңа шерік топтары бірнеше жағынан маңызы болды. Олардың арнайы әскери униформалары болды, оларға жалақы қолма-қол ақшамен тұрақты түрде төленді, олар саппен жүргенде қазіргі әскери оркестрге ұқсайтын меһтер деп аталатын ерекше әскери әуеннің екпінімен жүрді. Осы сияқты белгілер жаңа шеріктерді өз заманындағы әскерлердің арасында ерекшелеп тұрды.

Османлылар Рим империясы құлағалы бері Еуропадағы ең алғашқы тұрақты армия ұйымдастырды. Жаңа шеріктер Рим әскеріндегі преториялық сақшыларға ұқсас болатын, әрі сол замандағы феодалдық христиан әскерлерінде оларға ұқсас ешбір әскер жоқ еді. Христиан феодал қолбасшылары болса соғысуға қажетті әскерді соғыс басталғанда ғана жинай бастайтын.[1] Жаңа шеріктің әскери құрамасын оның өз отбасысы еді деп айтуға болады. Олар өздерінің барактарында тұрып, бейбітшілік кезінде тәртіп сақшылары және өрт сөндірушілер ретінде қызмет етті.[2]

 
Жаңа шеріктің суреті. Джентиле Беллини (15-ші ғасыр).

Жаңа шеріктердің тағы бір айырмашылығы — басқа әскерлерге жалақы тек соғыстың кезінде ғана төленсе, оларға қолма қол ақша тұрақты түрде төленіп тұрды. Ақша оларға әр тоқсанда бір рет төленіп, сұлтан оларға жалақыны туралы әмір берген соң, өзі де жаңа шерік киімін киіп, олардың барактарына келіп, Бірінші дивизияның қатардағы жауынгері ретінде өзінің де жалақысын алатын.[3]

Оқатар қарумен қаруланған жаяу әскердің қылыш пен найзамен қаруланған атты әскерге қарағанда әлдеқайда қарулы екені анықталғанда, жаңа шерік күштерінің маңызы айқын бола бастады.[4] Жаңа шеріктер оқатар қаруларды өте ертеде, 15-ші ғасырда меңгеріп алған болатын. 16-шы ғасырда мүшкет жаңа шеріктің басты қаруына айналды. Жаңа шеріктер алғашқы болып гранатыларды және қол зеңбіректерді қолданды.[3]

Жаңа шерік әскерлерінің тылдық қамтамасыз еті қызметтері де өз заманындағы ерекше құбылыс болатын. Жаңа шеріктер соғысты жақсы ұйымдасқан әскери машинаның бір бөлігі ретінде жүргізді. Османлылардың әскерінде жолды дайындайтын арнайы бөлім, алға шығып шатырларды тігетін арнайы бөлім, нан жабатын арнайы бөлім сияқты бөлімдер бар болатын. «Джебеджілер» бөлімі қару-жарақ пен оқ-дәріні алып жүріп, керек кезінде үлестіріп беретін. Жаңа шеріктер құрамасының өзінің дәрігерлік қызметі де бар болатын. Мұсылман және яһуди оташылары жорықтардың кезінде әскерлермен бірге болып, жаралылар мен ауру-сырқауларды артқы шептегі жылжымалы госпитальдарға шығару жолын ұйымдастыратын.[3]

Осы айырмашылықтардың және жаңа шерік әскерлерінің ерекше тиімділігінің себебінен заманында шетелдіктер оларды зерттеумен айналысты. Уақыт өте осы заманғы армиялардың ұйымдастырылуының арқасында жаңа шеріктердің артықшылықтары күшін жоғалтса да, кейңн Османлы империясының өзі де жаңа шерік әскерлерін таратып жіберсе де, олар көптеген адамдар үшін османлы заманын білдіретін белгілердің бірі болып қала беруде.

Қазіргі кездері жаңа шерік әскерлері кәсіби соғыс күші ретінде қолданылмаса да, меһтер әуендері мәдени мұра ретінде және туристерді қызықтыру үшін маңызы бар.

Әскерге алу, дайындықтан өткізу және әлеуметтік жағдайы

өңдеу

Алғашқы жаңа шерік қосындары соғыста тұтқындалғандар мен құлдардан жарақталды. Ол үшін тұтқындар мен құлдардың бестен бірі (пенжік атты ереже бойынша) іріктелді. 1380-ші жылдардан кейін сұлтан I Мехмет олардың қатарларын девшірме деп аталатын адамнан салық салудың жаңа түрі арқылы толықтыра бастады. Сұлтанның қызметшілері ол үшін мұсылман емес, әдетте Балқан христиан ұл балаларынан алды. Олар басында жаңа туған нәрестелерден кездейсоқ түрде алынып, кейін қатаң іріктеліп алынатын болды. Олар ислам дінінде тәрбиеленіп, жақсы дайындықтан өтетін. Басында бұған көбінесе гректер, бұлғарлар, армяндар және балқан албандары алынатын. Әр қырық үйден бір ұл бала алынатын. Бірақ әскерлерге деген талапқа қарай бұл өзгеріп отыратын. 14-18 жастағы жасөспірімдер құп көрінетін, бірақ 8-20 жастағылар да жарай беретін. Басында жаңа шеріктердің басым бөлігін гректерден алынғандар құраса, Османлының шекарасы ұлғайған сайын девшірмеге бұлғар, серб сияқты Балқан түбегінің басқа халықтары да және одан тыс Украина, оңтүстік Ресей де кіретін болды. Сұлтан ІІІ Мұраттың кезінде (1546-1595) жаңа шерікке жауынгерлер девшірме жүйесінен тыс алына бастап, 17-шы ғасырда девшірме жүйесі қолданыстан толық шықты. Осы кезеңнен кейін оған тек өз еркімен тілек білдіргендер ғана, көбінесе мұсылман тегінен шыққандар, қабылдана бастады.[3]

Жаңа шеріктер қатаң тәртіп орнатылған, ауыр жұмыс атқаратын, іс жүзінде монастыр жағдайларымен бірдей жағдайларда аджемі оғлан атты мектептерде (кадет мектептері сияқты мектептер) тәрбиеленді. Оларға сол кезеңде төсек қатынасын жасауға қатаң тыйым салынды. Соғыс өнерін былай қойғанда, жаңа шеріктер каллиграфия, заң ғылымы, теология, әдебиет және тілдер сияқты пәндерді де зерттейтін. Оларға мұсылман дінін қабылдау талабы да қойылып отырды. Мұсылман дінін барлығы қабылдап отырды, себебі Османлы империясында 19-шы ғасырға дейін христиандарға қару ұстауға тыйым салынған болатын. Басқа мұсылмандардан айырмашылығы, жаңа шеріктерге сақал қоюға тыйым салынды (мұсылман дінінде сақал өсіру сүннет болып саналады), тек мұрт қоюға ғана рұқсат болды. Бұл ережелерге жаңа шеріктер 18-ші ғасырға дейін мойынсұнып келді, содан кейін олар басқа кәсіп пен саудалармен айналыса бастады (бұларға да басында тыйым салынған болатын).

Іс жүзінде жаңа шеріктер сұлтанның құлдары болып саналып, қапықұлы ("есіктегі құл") деген атаққа ие болды. Жаңа шеріктерді өз қосыным өзімнің туған үйім, өз отбасым деген ойға баулып өсірген, ал сұлтан олардың асыраушысы әрі әкесі болып саналған. Жаңа шерік атағына 24-25 жасында өзінің сондай атаққа лайықты екендігін көрсете білгендер ғана ие бола алатын. Қайтыс болған жаңа шеріктің мүлкіне оның өз қосыны мұрагер болатын, сол арқылы оларда байлық жинала беретін.

Жаңа шеріктер дәруіш әулие қажы Бекташ Уәлидің тәліміне баулып тәрбиеленетін. Қажы Бекташ Уәлидің шәкірттері алғашқы жаңа шерік қосындарына бата берген. Бекташилер олардың арасында әскери капеллан сияқты қызмет атқарған. Осы жағынан, және өздерінің басқалардан бөлектенетін өмірлермен жаңа шеріктер Родостың жохандықтары сияқты христиан әскери ордендеріне ұқсайтын.

Адал қызметтері және соғыстағы ерліктері үшін жаңа шеріктерге артықшылықтар жасалатын. Олар қолма-қол ақша түрінде жалақы, соғыс кезінде олжа алатын; олардың тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік жағдайлары өте биік болатын. Басында олар әскери барактарда тұрып, қызмет мерзімі бітпейінше үйленбеуге міндетті болатын. Бірақ 18-ші ғасырдың ортасына таман олар басқа да кәсіптермен айналыса бастап, үйленуге рұқсат алып, өз балаларын жаңа шерік қосындарына орналастыра алатын болды. Тек бірен-саран жаңа шеріктер ғана барактарда тұруды жалғастыра берді.[2] Олардың арасынан көптеген ғалымдар және басқарушылар да шықты. Зейнетке шыққан немесе отставкаға кеткен жаңа шеріктер зейнетақы алатын, олардың бала-шағаларына көмек көрсетілетін. Бастапқыда әскери қызмет ретінде ұйымдастырылған осы жүйенің басқа салаларға ойысуы осылайша оның тамырына балта шапты.

Жаңа шерік қосыны

өңдеу
Жылы Жаңа шерік
қосындарының
саны[5]
1514 10156
1526 7885
1567-68 12798
1609 37627
1660-61 54222
1665 49556
1669 51437
1670 49868
1680 54222


Жаңа шерік қосынының саны шамамен 100-ден 200000-ға дейін өзгеріп отырды. Давид Никольдің бағалауы бойынша, жаңа шеріктердің саны 14-ші ғасырда 1000-ға жетсе, 1475 жылы 6000 шамасында болған, ал тимариоттардың (уәлаяттардағы әскерлер) саны болса сол кездері 40000 болған. 1699 жылғы жеңілістен кейін олардың саны қысқартылды. Бірақ 18-ші ғасырда жаңа шеріктердің саны қайтадан өсіп, 113400-ге жеткен. Бірақ олардың басым көпшілігі нағыз жауынгер емес, жалақы алып отыру үшін ғана пара беру арқылы әскер қатарына өткен жай адамдар ғана еді.Үлгі:Fact

Жаңа шерік қосыны orta деп аталатын, шамамен бір полкқа сәйкес келетін топтарға бөлінетін. Ортаны çorbaci («сорпа дайындаушы» деген мағынада) басқаратын. Орталардың барлығы бірлесіп ocak («ошақ») құрайтын. І-ші Сүлейменнің қарамағында 165 орта болатын, уақыт өте олардың саны 196-ға жетті. Сұлтанның өзі бүкіл әскердің, соның ішінде жаңа шеріктердің де жоғарғы қолбасшысы болды, бірақ жаңа шеріктерді іс жүзінде жоғарғы ağa («аға, қолбасшы») басқарды. Бүкіл қосын үш бөлікке бөлінді:

  • cemaat (шекара қосындары), 101 ортадан тұратын
  • beylik (сұлтанның жеке оққағарлары), 61 ортадан тұратын
  • sekban 34 ортадан тұратын

Оған қоса 34 ортадан тұратын ажемилер (кадеттер) де бар болатын.


Басында жаңа шеріктер тек жасының үлкендігі бойынша және тек өзінің ортасында ғана басшылық ете алатын. Олар өз қосынын тек басқа қосынды басқару үшін ғана тастап кете алатын. Жаңа шерік жауынгерін жазалау хұқығы оның тек өзінің үстінен қарайтын сардарларда ғана болды. Сардарлардың офицерлік лауазымдарының аттары әскер асханасындағы қызметтердің немесе аңшылардың қызметтерінің аттарымен аталды. Бұл олардың сұлтанның қызметкерлері екендігін көрсету үшін болған шығар.

Алғашқы кездері жаңа шеріктер шебер садақшылар болатын. Бірақ 1440 жылдары оқатар қарулар пайда болғанда олар бірден соған көшті. 1529 жылы Венаны қамау кезінде олардың әскери инженерлерінің шеберлігі айқын көрінді. Қоян-қолтық айқастың кезінде олар айбалта және қылыш пайдаланатын. Шекара қызметінде болмаса, бейбітшілік кезінде олар тек қанжар алып жүре алатын. Әскери қызметін бір қалада ұзақ уақыт бойы атқарған жаңа шеріктер «ерлия» (жергілікті) деп аталатын.


Османлы империясы жаңа шеріктерді өзінің барлық басты жорықтарында қолданды, соның ішінде 1453 жылғы Константинопольді басып алуда, Мысырдың мәмлүктерін талқандауда және Аустрия мен Венгрияға қарсы соғыстарда. Жаңа шеріктерді шайқасқа әрқашан сұлтанның өзі бастап шығатын және оларға соғыс олжасынан әрқашан үлес тиетін.

Жаңа шеріктердің беделі мейлінше жоғарылаған тұста, 1683 жылы сұлтан VI-ші Меһмет девшірме жүйесін таратты. Себебі көптеген мұсылман отбасылары өз ұлдарын жаңа шерік қосындарына көптеп бере бастаған болатын. Әрбір уәлаят әкімдеріде өздерініңжеке жаңа шеріктерін ұйымдастырғысы келетін болды.

Сурет:Hatemisoldier.jpg
«Капыкулу жауынгер» — Һайдар Һатемидің акварельмен қағазға салған суреті - 2002.

Жаңа шеріктердің бас көтерулері

өңдеу

Жаңа шеріктер өздерінің маңызды орын алатындықтарын түсініп, соны өз мақсаттарында қолдануға тырыса бастады. 1449 жылы олар бірінші рет бас көтеріп, жалақыларын өсіруді талап етті. Олардың талаптары орындалды. Одан кейінгі ғасырларда да сондай бас көтерулер болып тұрды. Жаңа шеріктер көбірек байлық пен билікке ие болған сайын олар бұзылған, пайдасыз кастаға айнала берді. Бұл жағынан олар Рим империясындағы преториялық сақшыларға қатты ұқсайтын болды. Ақырында ІІ-ші Маһмуд жаңа шерік қосындарының тағы бір бас көтеруін күшпен жаншып, құраманы толығымен тарқатып жіберді.

Жаңа шерік әскери әуендері

өңдеу

Жаңа шеріктердің әскери марштары өзіндік қасиеттерге ие әуен. Дауылпаз, зурнай, наффир (сырнайдың бір түрі), қоңыраулар және сылдырмақтарды қолданудың арқасында өте әсерлі, кейде өте ащы әуендер, яғни қан майданда жауынгерлерді рухтандыра алатын әуендер ойналады. Жаңа шеріктердің әуендері түрік мәнерінде музыка құрастырған Вольфганг Амадей Моцарт және Людвиг ван Бетховен сияқты Батыс Еуропаның классикалық композиторларына әсер етті.

1952 жылы Ыстамбұл әскери мұражайы қайтадан жаңа шерік әскери қосыны мен меһтер тобын ұйымдастырды. Олар кейбір ұлттық мейрамдар мен маңызды тарихи оқиғалар болған күндері болатын парадтарда өнер көрсетеді.

Тағы қараңыз

өңдеу

Дерек көздері және сілтемелер

өңдеу

Сілтемелер

өңдеу
  1. Lord Kinross Ottoman Centuries: The Rise and Fall of the Turkish Empire — New York: Morrow Quill Paperbacks. — P. 52. — ISBN ISBN 0-688-08093-6.
  2. a b Goodwin Jason Lords of the Horizons: A History of the Ottoman Empire — New York: H. Holt. — P. 59,179-181. — ISBN ISBN 0-8050-4081-1.
  3. a b c d Uzunçarşılı İsmail Hakkı Osmanlı Devleti Teşkilatından Kapıkulu Ocakları: Acemi Ocağı ve Yeniçeri Ocağı — Ankara: Türk Tarih Kurumu. — P. 411-463,376-377,405-406,66-67,482-483. — ISBN ISBN 975-16-0056-1.
  4. Jelavich Barbara History of the Balkans, 18th and 19th Centuries — New York: Cambridge University Press. — ISBN ISBN 0-521-27458-3.
  5. Gábor Ágoston, Barut, Top ve Tüfek Osmanlı İmparatorluğu'nun Asker Gücü ve Silah Sanayisi, ISBN 975-6051-41-8, Page 50

Сыртқы сілтемелер

өңдеу
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Janissaries
  NODES