Кроран, ЛоуланШығыс Түркістанда б.з.б. 2 – 4 ғ-ларда өркендеген қала орны. Ол қазіргі ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы Лобнордың батысында 60 км жерде, Көнші өзенінің аңғарында орналасқан. Оны Орта Азияға үш рет ірі экспедиция ұйымдастырған шведтің шығыстанушы ғалымы Свен Гедин ашты. 1906 ж. және 1914 ж. ағылшынның тегі венгрлік Орта Азия зерттеушісі жиһанкезі Аурел Стеин қазып, зерттеді. 1909 – 11 ж. жапон зерттеушілері де осында бірнеше рет зерттеу жұмысын жүргізген. 1979 жылдан қазірге дейін ондағы ескерткіштерді ҚХР-дың археологтары жүйелі түрде зерттеп келеді. Кроранның қазірге дейін сақталып қалған жұрты, негізінен, төртбұрышты. Жалпы 10 мың шаршы метрден астам. Кроранның төрт жағындағы қамал-дуалдардың орта тұсында кіре беріс дарбазалары болса керек, кетік-кетік тұстары бар. Кроранның қамал-дуалдары мен үй қабырғалары саз балшықтан жыңғыл ағашын біріктіре отырып берік соғылған. Кроран жұртын қақ жарып аққан кішігірім өзеннің ескі аңғары бар екендігі анықталды. Кроран құрылысының қираған қалдықтарынан сақталғаны әрі ең көріктісі “үш үй” деп аталып кеткен ғимарат қалдығы. Оның дуалы саз балшық пен жыңғылдан соғылып, төбесі жүздеген ірі сырғауыл бөренелермен шатырлап жабылған. Ғимараттың бөлмелері жүйелі түрде орналасқан. Соңғы қазба кезінде оннан астам мұра, әр түрлі жазбалар табылды. Соған қарап ғалымдар оны қала әкімш-нің ғимараты болуы мүмкін деп топшылайды. Қаладан мұндай жақсы сақталған ғимараттар мен тұрғын үйлер көп аршылды. Жыл сайын оның көбісін жауын-шашын жаумайтын Лобнор шөлінің құмынан жел аршып отырған. Кроран жұртының шығысындағы зираттарды да зерттегенде одан көптеген қару-жарақ, ағаш, қыш ыдыстары, қола айналар, теңгелер, жебелер, алтын әшекейлер бұйымдар табылды. Крораннан табылған ең құнды ескерткіштер ағаш таяқшаларға және қағазға жазылған Қытай және кхароштхи жазуындағы жазба бітіктер (көне жазулар). С.Гедин, А.Стеин және жапон экспедициясы крораннан 1000-ға таяу осындай құнды құжаттарды тауып, елдеріне алып кеткен. Мұндай құжаттар мен ағаш бітіктер соңғы 20 жылдан бері де көптеп табылуда. Қазақстанның бізге белгісіз болып келген “Кроран” атауы да сол кхароштхи жазуындағы құжаттар арқылы анықталды. Құжаттардағы Kr,wr,n (Kroran) деген жер атын А.Стеин шығыстанушылардың көмегімен ашып, оны көне қытай жазбаларындағы осы қаланың аты Лоуланның баламасы деп біледі.[1].

Дереккөздер

өңдеу
  1. "Қазақ энциклопедиясы"


  NODES