Лемурлар (лат. Lemuridae) — төменгі сатыдағы (жартылай) маймылдар отряды тармағының бір тұқымдасы.[1]

Лемурлар
Eulemur mongoz
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Сүтқоректілер
Сабы: Приматтар
Кіші сабы: Strepsirrhini
Ықшам сабы: Lemuriformes
Тұқымдасы: Lemuridae
Джон Эдуард Грей, 1821
Туыстары

Lemur
Eulemur
Hapalemur
Prolemur
Varecia


Денесінің ұзындығы 12 — 46 см, құйрығының ұзындығы 13 — 51 см. Артқы аяқтары алдыңғы аяқтарынан ұзын. Артқы аяғының екінші саусағындағы тырнағының ұшы үшкірлеу, сол арқылы түгін тарайды. Бірінші саусағы (басбармағы) басқа саусақтарына қарама-қарсы орналасқан. Көпшілік түрлерінің түгі қалың әрі жұмсақ. Түктерінің түсі қара, қоңыр, қызғыштау, сұр. Құйрық түгінің түсі, негізінен, бозғылт, кейде қара-қоңыр түктері аралас келеді. Тұмсығы ұзынша созылыңқы. Көпшілік түрлерінің көздері үлкен әрі бір-біріне жақын орналасқан. Алақаны мен табандарында түгі жоқ.

Лемурлар жеке, кей түрі шағын, кей түрі үлкен топ құрып, көпшілігі ағаш басында, кейбіреулері жерде тіршілік етеді. Жартастарда тіршілік ететін түрлері де бар. Кей түрлері жылдың құрғақшылық маусымында ұйқыға кетеді. Лемурдың аналығында 1 — 2 жұп сүт бездері болады, 18 айда жыныстық жағынан жетіледі, жүктілік мерзімі 2 — 5 ай, көбіне бір (кейде екі) ұрпақ әкеледі. Ұрпағы 6 айда өз бетінше тіршілік ете алады. Лемурдың көпшілігі түнде белсенді тіршілік етеді, күндіз ағаштың қуыстарына тығылып жатады. Өте сақ жануар. Көбіне құрма пальмасының, бананның, т.б. өсімдіктердің жапырақтарымен, гүлдерімен, жемістерімен қоректенеді. өсақ жәндіктермен, жануарлармен де қоректенетін түрлері бар.

Лемур Мадагаскар, Комор аралдарында, Африканың орталық аймағында теңіз жағалауына жақын жерлерде таралған. Лемурдың саны жылдан жылға азайып келеді. Қазіргі кезде олардың 4 туысының 16 түрі тіршілік етеді, олардың бәрі Халықар. табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген. Қолда жақсы өседі, зоологиялық бақтарда көбейе береді. Лемурдың қортық лемурлар тобы өз алдына жеке тұқымдасқа жатады, оның 8 түрі бар.[2]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған профессор Е. Арын – Павлодар: 2007 - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3
  2. Қазақ ұлттық энциклопедиясы


Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Lemuridae
  NODES