Мұхит
Мұхит (Әлемдік мұхит) — гидросфераның негізгі бөлігі. Мұхит, Дүниежүзілік мұхит (гр. okeanos — мұхит, Жерді қоршап жатқан ұлы өзен). Дүниежүзілік мұхиттың үлесіне бүкіл Жер бетінің 3/4 бөлігі немесе 361 млн. км² тиеді.
Жер шарында төрт мұхит бар: Тынық, Атлант, Үнді және Солтүстік мұзды. Кейбір ғалымдар Антарктида маңы суларын бесінші Оңтүстік мұхиты деп жеке бөледі.
Жалпы мәлімет
өңдеуЖер ғарыштан көгілдір мұхиттар планетасы сияқты болып көрінеді — оның бетінің 70% астамын су басып жатыр. Судың шамамен 97% мұхиттарда жиналған, ол Жер ауданының 360 миллион шаршы км жауып жатыр. Кейбір жерлерде мұхиттың тереңдігі 10 км асады. [1] Мұхит құрлықтар мен аралдарды қоршап жатқан Жердің тұтас су қабаты. Аумағы 361,26 млн. км², көлемі 1340,74 млн. км³, орташа тереңдігі 3711 м, ең терең жері 11022 м (Тынық мұхиттағы Мариана шұңғымасы). Дүниежүзілік мұхит құрлықтар арқылы 4 бөлікке бөлінеді: Тынық (50%), Атлант (25%), Үнді (21%) және Солтүстік Мұзды Мұхит (4%). Мұхит Солтүстік жарты шардың 61%-ын, Оңтүстік жарты шардың 81%-ына жуығын алып жатыр. Мұхиттық жарты шардағы судың мөлшері 91%-ды және құрлықтық жарты шардағы мөлшері 53%-ды құрайды. Гидрологиялық режімінде Дүниежүзілік Мұхит жеке мұхиттарға, теңіздерге, шығанақтарға, қойнаулар мен бұғаздарға ажыратылады; сыртқы шекарасы құрлықтың жағалық сызықтарымен айқын кескінделіп, ішкі шекарасы теңіздермен және оның бөліктерімен бөлінеді. Кейбір зерттеушілер Дүниежүзілік Мұхитты Бес Мұхитқа бөледі. Оның шекарасы субтропиктік және субантарктикалық конвергенция сызығы бойымен немесе Ортамұхиттық жоталардың ендік бөлігі бойынша өтеді.Дүние жүзілік су қоры,1360 млн.км³. Мұхиттар 1322000000 км³, мұз жамылғысы мен мұздықтар 29200000 км³, еспе су 8673000 км³, өзен мен көл суы 23250 км³, су булары 13000 км³. Жер шарының үштен екі бөлігін су алып жатыр. Олар өзара бұғаздар арқылы қосылып, Дүниежүзілік мұхитты құрайды.
Мұхит түбі бедері және геологиялық құрылысы
өңдеуМұхит түбі ауданының басым бөлігі (73,8%-ы) 3 000 – 6 000 м тереңдікте орналасқан. Ол Мұхит қайраңы (шельфi), беткейі, етегі, Мұхит түбі, Мұхит шұңғымасына ажыратылады. Қайраң Мұхиттардың шетін бойлай құрлықтың су астындағы жалғасы ретінде 200 м тереңдікке дейін созылып жатады, ені ондаған метрден бірнеше жүздеген км-ге жетеді. Ол Мұхитқа қарай тік кемер жасап континенттік беткейді құрайды. Қайраң құрлық тұғырының төменгі шегі ретінде 2 000 – 2 400 м тереңдікке дейін таралады. Беткей етегінен абиссаль қазаншұңқырларға қарай ені 200 – 300 км болатын континентті етек жалғасады. Мұхиттардың орта тұсынан әдетте Ортамұхиттық жоталар өтеді. Олардың беткейлері абиссальды Мұхит қазаншұңқырларына ауысады. Ортамұхиттық жоталар ұзындығы 60 000 км болатын біртұтас жүйені құрайды. Жоталардың ені 1 000 км, абиссальды қазаншұңқырлардан 2,5 – 3 км жоғары тұрады. Олардың қырқасы су бетінен орта есеппен 2700 м тереңдікте өтеді. Жоталардың осьтік бөлігінде тереңдігі 1,5 км, ені 20 – 30 км болатын рифті аңғарлар байқалады. Абиссальды қазаншұңқырлардың ені 1000 км-ге жуық, тереңдігі 5 – 6 км болады. Пассивті шеткі белдем Жер қабығының континентті және мұхиттық шекарасын бойлай жатады; ол сейсмикалығы мен жанартаулық процестердің жоқтығымен сипатталады, континенттен әкелінген өте қалың (5 – 7 км) шөгінді қабаттардан тұрады. Активті шеттердің сейсмикалығы жоғары. Оған Мұхит табанын жанартаулық аралдық доғадан бөліп тұратын терең шұңғымалар (тереңд. 7 – 8 км) ұштасқан. Мұхит түбін негізгі екі геологиялық кешен құрайды: беті шөгінді қаптамамен жабылған базальтті және оған жақын магмалық жыныстардан тұратын іргетас жатыр. Мұхиттың геологиялық тарихын зерттеушілер Мұхитты бастапқы, өтпелі және қазіргі даму кезеңдеріне ажыратады. Геологияға дейінгі кезеңді (3,5 млрд. жыл бұрын) қамтыған гипотетик. бастапқы сатысында жер қойнауынан негізгі су массасының шығуы, қышқыл өнімдердің газсыздануы және мұхит түбі жыныстарымен іс-әрекетке түсіп бейтараптануымен байланысты. Өтпелі кезеңнің ұзақтығы 2 млрд. жылды құрайды (3,5 – 1,7 млрд. жыл бұрын). Бұл кезеңде өмір пайда болып дамыды; фотосинтез нәтижесінде оттек бөлініп, мөлшері ұлғайды. Мұхит суының құрамы тұрақталып, тұздылығы шамалы ғана өзгеріске ұшырады. Қазіргі кезең бұдан 1,7 млрд. жыл бұрын басталып, әлі жалғасуда.
Гидрологиясы
өңдеуМұхиттардың негізгі гидрологиялық сипаттамасына температура, тұздылық және ағыстың жылдамдығы жатады. Мұхит өте көп мөлшерде күн жылуы мен ылғалды жинақтаушы орасан зор аккумулятор. Мұхит бетінің 1 см қалыңдықтағы суына күн энергиясының 94% жұтылады. Осының нәтижесінде Жер бетіндегі температурасының шұғыл ауытқуы бәсеңдейді және шалғай жатқан аудандар ылғалданып, тіршіліктің дамуына қолайлы жағдай туады.
Температурасы
өңдеуМұхиттың беткі суының жылдық орташа температурасы 17,5°С. Ашық Мұхитта температураның жоғарғы көрсеткіші экватор бойында (28°С), ең жоғарғы температура (34°С) тамыз айында Парсы шығанағында тіркелген. Құрлықтың әсерінен су температурасы солтүстік жарты шарда оңтүстік жарты шарға қарағанда жоғары болады, ал экватордан полюстерге қарай біртіндеп –1,5–1,9°С-қа төмендейді. 30° с. е. бойында қыста 17 – 18°С, жазда 25°С; 60° ендікте қыста 0°С-тан төмен, жазда 10°С, полюс маңындағы температура 1,9°С. Мұхит түбіндегі су температурасы 1,4 – 1,8°С, полюстік аймақтарда 0°С-тан төмен болады, ең суық температура –2°С (полюсте мұз астында).
Тұздылығы
өңдеуСудың химиялық сапасы, физикалық, химиялық қасиеті жағынан бірдей болғанымен оның гидрологиялық, геохимиялық режимі әр түрлі. Мұхит суы концентрациясы 35 г/л болатын тұз ерітіндісінен тұрады, сондықтан орташа тұздылығы S – 35,00‰, максимальды тұздылығы 39–42‰ (тропиктік теңіздерде). Тұз массасының құрамы құрлықтан келетін жауын-шашынмен, атмосферамен алмасу процесі және түпкі шөгінділермен, теңіз организмдерінің өмір сүру қабілетімен реттеліп отырады. Мұхитта барлығы 5·1022 г еріген тұз бар[2]. Оның құрамында Na+, Mg2+, K+, Ca2+, Cl- иондары кездеседі. Мұхит суында атмосферадан келетін және су қабатында пайда болатын түрлі газдардың (О2, СО2 т.б.) ерітінділері де болады.
Мұхит суының химиялық құрамы
өңдеуҚұрамдас | Концентрациясы (моль/кг) |
---|---|
H2O | 53.6 |
Cl- | 0.546 |
Na+ | 0.469 |
Mg2+ | 0.0528 |
SO42- | 0.0282 |
Ca2+ | 0.0103 |
K+ | 0.0102 |
CT | 0.00206 |
Br- | 0.000844 |
BT | 0.000416 |
Sr2+ | 0.000091 |
F- | 0.000068 |
Тұздылықтың маусымдық ауытқуы 100–150 м тереңдікте байқалады. Мұхит суында тұздардан басқа еріген газдар да кездеседі: азот, оттек, көмірқышқылы, т.б. Мұхиттағы тіршіліктің дамуында атмосферадан өтетін және балдырлардың фотосинтезі кезінде түзілетін оттектің маңызы өте зор. Терең қабаттарда оттек мөлшері 2,5 – 3 мг/л-ге дейін кемиді, кейбір аудандарда 0-ге тең болады.
Су айналымы
өңдеуМұхиттың 150 – 200 м тереңдіктегі су қабатының айналымы Мұхит бетіндегі басым желдерге тәуелді; ал одан төменгі қабатында тығыздығына байланысты болады. Су айналымының негізгі элементіне субтропиктік ендіктерде антициклондық айналым және жоғарғы ендіктерде циклондық айналым жатады. Оның орталық құрлықтардың батыс жағалауында орналасқан (Гольфстрим,Куросио ағыстары). Антарктикада беткі судың горизонталь жылдамдығы 5 – 10 см/с болатын қуатты циркумполюсті ағыс байқалады, ол теңіз түбіне дейін жетеді. Тереңдеген сайын ағыс жылдамдықтары кеми түседі (тек экватор маңындағы беткі қарсы ағыстан басқа).
Географиялық белдемділігі
өңдеуТемператураның, тұздылықтың, химиялық элементтердің, органикалық дүниенің негізгі таралу заңдылықтары географиялық белдемдердің ауысу шекаралары маңында байқалады. Белдемдер арасындағы шекара, көбінесе, мұхиттық шеп түрінде айқын ажыратылады. Тереңдеген сайын (500 м-ден төмен) белдемдердің саны азайып, білінбей кетеді.
Түпкі шөгінділер
өңдеуМұхит түбінде терригенді, биогенді, хемогенді, жанартаутекті және эдафогенді шөгінділер жинақталады. Шөгінділер климаттық, тік, циркумконтинентті және тектоникалық белдемділікпен тарайды. Мұхит түбінің беткі қабатының басым бөлігін (40%-ға дейін) биогенді шөгінділер жауып жатыр. Терригенді шөгінділерге 20%, терең сулы пелаг. саз 26%-ды құрайды, қалғаны – аралас шөгінділер. Терригенді шөгінділердің құрамы алюмосиликатты, сынықты, сынықты-сазды, сазды; ол теңіздерде және мұхиттың континентке таяу ауданында әртүрлі тереңдікте тараған. Биогенді әктасты және шақпақтасты шөгінділер қаңқа қалдықтарынан және планктонды, бентосты организмдердің қабыршағынан түзілген. Хемогенді шөгінділер ашық Мұхиттарда кездеседі, темір-марганецті конкрециялар мен қабықшалардан, смектитті, темірлі шөгінділерден тұрады. Жанартаутекті шөгінділер жер беті және су асты жанартау атқылауларының кесекті өнімдерінен түзілген; ол доғалдық аралдарда кең таралған. Эдафогенді түзілімдер тектоникалық өнімдердің уатылуынан және су түбіндегі байырғы таужыныстардың (базальтты, габброидты, т.б.) су асты шайылуынан пайда болған.[4]
Минералды ресурстары
өңдеуМұхит суларында Д.Менделеев кестесінің 70-тен астам элементі еріген күйінде кездеседі; судың 1 км³-інде 36 млн. түрлі заттар бар. Мұхит қойнауында әр түрлі қатты, сұйық, газ тәрізді минералды шикізат қорлары, мұнай мен газ, сирек металдар, қалайы, алтын, алмас шашылымдары, темір-марганецті конкрециялар мен қабықшалар, сульфид, фосфорит және құрылыс материалдары алабы тараған. Мұнай мен газдың қоры 300 – 350 млрд.(қойнау қайраңында 184 млрд. ) деп болжанады. АҚШ жағалауы мен Мексика шығанағында, Солтүстік Парсы шығанағы және оңтүстік-Шығыс Азия, Баренц, Беринг теңіздерінің қайраңдары дүние жүзінің аса ірі мұнайлы-газды аудандары саналады. Мұхит мұнайын 40 шақты ел өндіріп, 40-тай ел барлау жұмыстарымен айналысуда. Теңіздегі элементтер (алтын, платина, алмас, касситерит, циркон, монацит, титан, ильменит, рутил, т.б.) жағалық қайраңда шөгінділердің толқындармен қарқынды шайылуынан қалыптасады. Индонезия, Таиланд, Малайзия жағалауларында қалайы, Аляска және солтүстік Американың Тынықмұхиттық жағалауында алтын, оңтүстік-Батыс Африка (Намибия) жағалауында құрамында алмас бар шөгінділер, сирек металды шашылымдар Австралия, Үндістан, Бразилия жағалауында кездеседі. Дүние жүзінің көптеген елдерінің жағалауларында құрылыс материалдары – құм, қиыршықтас, маржанды әктас, моллюскалар, бақалшақтар өндіріледі.
Органикалық дүниесі
өңдеуТірі организмдер бүкіл Мұхит қабаттарында тіршілік етеді. Органикалық дүниесі бентос (түпкі тұрғындар), планктон (пассивті жүзушілер) және нектонға (активті жүзушілер) бөлінеді. Өсімдік дүниесінің 10 мың түрі бар, олар, негізінен, жарық жақсы түсетін 200 – 300 м тереңдіктегі қабаттарда таралған. Жануарлар дүниесі түрлерінің саны 150 мыңдай. Мұхитта планетадағы тіршілік иелерінің 4/5-і мекендейді. Түрлердің саны экваторлық аймақтан полюстерге және тереңдікке қарай кеми береді. Мұхит құрамында белок мөлшері көп азық-түлік өнімдерінің (балық, моллюскілер, бақалшақтар, сүт қоректілер, балдырлар, т.б.) маңызды көзі, ол адамдарға қажетті белоктың 20%-ын береді.
Теңіз – мұхит айдынынан құрлықпен немесе су асты жоталарымен бөлінген және одан гидрологиялық, метеорологиялық, климаттық режимдерімен ерекшеленетін дүниежүзілік мұхит бөлігі. Теңіздің ашық мұхиттан шеткері орналасуы оның климатына әсер етіп, су алмасуын баяулатады. Теңіз құрлықпен неғұрлым тұйықтала түссе, онда оның су режиміндегі мұхиттан айырмашылығы соғұрлым арта түседі. Теңіз деп шартты түрде мұхиттың ашық бөліктері де аталады; мысалы, Атлант мұхитының Саргасс теңізі және Үнді мұхитының Арабия теңізі. Кейбір көлдер – Каспий, Арал, Өлі теңіз – теңіз, ал кейбір теңіздер шығанақ (Мексика, Гудзон, Парсы) болып саналады. Оқшаулануы мен гидрологиялық режимінің ерекшеліктеріне қарай теңіз үш топқа [ішкі (жерорталық теңіздер мен жартылай тұйық теңіздер), шеткі аралдар және аралық теңіздер] бөлінеді. Геологиялық тұрғыдан теңіз палеоген-неоген және антропогенде қалыптасып біткен. Неғұрлым терең теңіздер Жер қыртысының аумақты жарылымдарының орнында (мысалы, Жерорта теңізі) пайда болады. Дүниежүзілік мұхит суының құрлықтың жағалық бөлігін басуынан құрлықтық қайраңда шағын теңіздер қалыптасады. Теңіздің құрлықтан қашық не жақын жатуы климатының континенттілігінің артуына немесе кемуіне және температурасының маусымдық ауытқуына әсер етеді. Географиялық орнына қарай кейбір теңіз суының беткі және терең қабаттары көршілес мұхиттың ашық бөлігіне қарағанда жылырақ (мысалы, Қызыл теңіз), кейбірі суығырақ (мысалы, Охота теңізі) келеді. Теңіз суының тұздылығы тұщы судың кірісі (өзен ағыны, жауын-шашын, мұздың еруі) мен шығысының (булану, мұз қалыптасу) арасындағы айырмашылыққа байланысты ауытқып отырады. Балтық теңізінің ашық бөлігінің тұздылығы – 6,0 – 8,0‰ болса, Қызыл теңізде бұл көрсеткіш 41,5‰-ге дейін көтеріледі. Теңізде температура мен тұздылық көрсеткіштерінің шеткі мөлшерлері таралуына орай суының тығыздығы да дүниежүзілік мұхит үшін шеткі мағыналы көрсеткішке ие болады. Мысалы, Балтық теңізінің тығыздығы 1,01г/см3-ге тең болса, Қызыл теңізде 1,0287г/см3-ге тең. Мұхиттың ашық бөлігінен теңіз суы тығыздығының өзгешелігі – буының маусымдық ауытқып отыруында. Мұз қабаты негізінен полюстік және қоңыржай ендік теңіздерінде ғана қалыптасады. Теңіздің органикалық дүниесі мұхиттың ашық бөлігіндегі органикалық дүниеге қарағанда бай және көбіне өзіндік түрлер (эндемиктер) басым тараған.
Халықаралық-құқықтық режим
өңдеуТеңіз кеңістігін және Дүниежүзілік Мұхитты пайдалану құқығын реттеу, оның байлықтарын пайдалану халықаралық құқық нормасының күрделі жүйесімен және жеке мемлекеттердің заңдарымен анықталады. Оны реттеу үшін 1958 жылы халықаралық теңіздік құқық кодификациясы өткізіліп, Женева конвенциясы қабылданды. Ол бойынша ашық теңіз суы барлық мемлекеттерге ортақ және ешбір мемлекет Мұхит бөліктерін өз биліктеріне бағындыруға құқығы жоқ; ашық теңізде әрбір мемлекеттің кеме қатынасына, балық аулауға еркі бар. Ядролық қару-жарақты сынау, Дүниежүзілік Мұхиттың ластануын болдырмау туралы, аумақтық теңізге және континенттік қайраңға шек қою, т.б. мәселелерге тыйым салатын көптеген халықаралық келісімдер бар. Теңіз құқығы бойынша 1982 жылы қабылданған “Теңіздер хартиясы” аталатын БҰҰ Конвенциясы жағалаудан бастап, 200 теңіз милін құрайтын экономикалық аймақты белгіледі, жағалаулық мемлекеттер де соның шегінде биологиялық және минералдық шикізат қорларын пайдалануға құқылы. Аумақтық теңіз жағалауындағы мемлекеттер ғылыми зерттеу мәселелерін өз қалаулары бойынша шешеді. Шетелдік кемелер континенттік қайраңда және түбінде зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жағалаудағы мемлекеттердің келісімін алуы керек. Дүниежүзілік Мұхит байлықтарын игеру маңызды ғаламдық мәселенің бірі саналады. Бұл оның планетадағы температураны реттейтін, оттекті бөліп шығаратын қасиетіне байланысты. Мұхитты игеру минералдық, биологиялық, энергетикалық, көліктік, рекреакциялық, экологиялық, ғылыми-танымдық бағыттарда жүзеге асырылады. ҰТР-ның табыстары Мұхиттағы мұнай мен газды, темір-марганец конкрецияларын өндіруді одан әрі арттыру, теңіз суынан сутегі изотопын – дейтерийді шығару, теңіз сулары энергиясын электр энергиясына айналдыратын алып электр ст-ларын салу, теңіз суын тұщыту, оның түбімен кабельді желілер төсеу үшін болашаққа кең жол ашады. Көптеген елдерде (Франция, Норвегия, Ресей) Мұхит суының тасқынын пайдаланатын электр станциялары жұмыс істейді. Мұхит жолдарына бүкіл дүние жүзінде сумен тасымалданатын жүктің 80%-ы келеді.
Мұхит геохимиясы
өңдеуМұхит геохимиясы – геохимияның мұхит суындағы және шөгінділеріндегі химиялық элементтердің концентрациясы мен шашырау заңдылықтарын, мұхит суларының тұз массасы құрамының қалыптасуын, мұхиттың химиялық эволюциясын зерттейтін саласы. Негізгі мақсаты мұхит суы құрамындағы элементтерді зерттеу. Мұхит суы құрамы литосфера, биосфера және гидросфера арасындағы элемент алмасу мен ұзақ айналымның бір бөлігі болып қарастырылады. Мұхиттың тұздылығы кембрий дәуірінен бастап қазірге дейін өзгермеген. Бір литрінде 34 – 35 г-дай тұз болады. Қалыңд. ондаған немесе жүздеген метр мұхит суының жоғарғы қабатының тұздылығы біртекті, төменгі қабатында тұздылығы түрліше. Мұхит суының тұздылығы қосылған өзеннен, жалғасқан теңіз суларынан әкелінген шөгінділерден, еріген мұздықтар мен мұзтаулардан біраз төмендейді, ал буланудан – өседі. Тұздылық шамасы жылы ағыстар мен 20 – 30ендіктерде жоғары, салқын ағыстар мен экватор аумағында төмен. Мұхит сулары массасындағы элементтердің жинақталуы олардың таралу мөлш. мен қосылыстарының ерігіштігіне байланысты; мұхит суы катиондарының иондық потенциалы төмен, ал аниондарынікі – жоғары келеді. Оңай еритін қосылыстар суды қанықтырады, ал қиын еритіндері мұхит түбіндегі тұнбаларда жиналады. Мұхит сулары массасындағы түпкі шөгінділер, құрамы әр түрлі ерітінділер, органик. заттар, газдар арасында тепе-теңдік орнаған. Мұхит сулары негізгі, түптік, лайлық болып ажыратылады. Түптік суларда оттек аз, бірақ көмір қышқыл газы, метан, күкіртті сутек мол. Кремний, алюминий, темір, т.б. жер қыртысында көп таралған элементтер мұхит суларында өте аз, ал хлор мен бром көп. Жер қыртысына қарағанда мұхит суында бор 260, хлор 670, күкірт 290 есе жоғары. Мұхит суындағы бос күйдегі оттек организм түрлерінің таралуын, тотығу, тотықсыздану реакцияларын реттейді, геохимиялық процестерді түсінуге мүмкіндік береді. Катиондарының қосындысы Cl–, сияқты күшті қышқыл аниондарының қосындысынан артық болуынан “сілтілік қор” құрылады. Мұхит тереңінде тотықсыздану реакциясы басым болады. Көміртегі (ІV) оксиді және сульфаттарды ажыратушы бактериялардың қатысуымен органик. заттардағы күкірт қышқылы тұздарының ыдырауынан күкіртсутек (H2S) түзіледі. H2S газы тірі организмдерге зиянды әсер етеді. Мыс., Қара теңіз суының терең қабаттарындағы H2S мол болғандықтан Каспий теңізіне қарағанда органикалық дүниесі тапшы. температура төмендеген сайын СО2-ның ерігіштігі артатындықтан, карбонатты шөгінділер жылы суларда жиылады, ал суық суларда олар тұнбайды. Жер қыртысындағы бромның 75%-ы мұхит суларында. P, N, Sі сияқты элементтер геохимиясы үшін организмдердің тіршілік әрекетінің мәні зор.
Мұхиттағы белдемдер
өңдеуМұхиттағы дивергенция белдемі – Дүниежүзілік Мұхиттың беткі ағыстарының таралу аймағы. Су бетіндегі жел ағыстарының жылдамдығының және су тығыздығының бір қалыпты таралмауы салдарынан қалыптасады. Циклондық циркуляция аймағында, жел және су ағыстарының қарама-қарсы бағытқа шұғыл өзгеру аудандарында анық байқалады. Тереңнен көтерілетін ағыстар әсерінен Мұхиттағы дивергенция белдемінде жоғарғы қабат сулары қоректік заттары мол қабаттармен байытылып (биологиялық өнімділіктің жоғарылауына әсер етеді) отырады; бұл белдемдер – балық кәсіпшілігіне өнімді мол беретін аудан. Дивергенцияның тұрақты белдемдері мұхиттардың қоңыржай және субтропиктік ендіктерінің шығыс бөліктері болып есептеледі;
Мұхиттағы конвергенция белдемі – Дүниежүзілік мұхит суының беткі қабаттарының араласу аймағы. Мұхит бетіндегі ауа ағыстары мен су тығыздықтарының біркелкі таралмауларынан дамиды. Негізінен жылы және суық сулардың тоғысқан жерлерінде қалыптасады. Конвергенциялық белдемде су тығыздығының қалыпты жағдайларда таралмауы салдарынан беткі қабаттарда антициклондық және циклондық ағыс айналыстары дамиды. Антициклондық айналыста судың қарқынды араласуы мен төмен қарай ығысуы қалыптасса, циклондық айналыстарда мұхит бетіне шығатын тереңнен көтерілу ағыстары дамиды. Осыған байланысты бұл белдемде жоғарғы биологиялық өнімділік жағдайлары қалыптасады. Дүниежүзілік мұхитты негізгі 4 тұрақты конвергенц. белдемге ажыратуға болады: солтүстік, оңтүстік субполюстік және солтүстік, оңтүстік субтропиктік белдемдер. Мұхиттағы конвергенция белдемі мұхит табиғатының маңызды элементі, себебі төмен ығысатын сулар мұхиттың терең қабатын жылытады және оттекпен байытып отырады. Мұхиттағы конвергенция белдемінде 100 – 150 м-ден астам тереңдіктегі су қабаттарының барлық негізгі гидролог. белгілері қалыптасады. Мұхиттағы конвергенция белдемі неғұрлым жоғары ендіктерде орналасса, судың температурасы соғұрлым төмендеп, тұнатын судың тығыздығы жоғарылайды, ол мұхиттың терең қабаттарын қамтиды;
Мұхиттану
өңдеуМұхиттану , океанология – Дүниежүзілік мұхиттағы табиғи процестерді зерттейтін ғылым. Мұхиттану Дүниежүзілік мұхитты гидросфераның бір бөлігі ретінде әрі физиялық, химиялық, геологиялық, биологиялық т.б. процестер бір-бірімен өзара күрделі байланыста өтіп жататын атмосферамен, литосферамен, құрылықтық ағын сулармен әрекеттесетін біртұтас планетааралық табиғи нысан ретінде қарастырады. Мұхиттанудың басты мәселесі – мұхит табиғаты заңдылықтарының біртұтастығын анықтау. Оны танудың методол. негізі – мұхит суындағы, сондай-ақ сулар мен оларға шектесіп жатқан орта арасындағы трансформацияны, энергия және зат алмасуды зерттейді. Мұхиттану судың тереңдігін, температурасын, тұздылығын, ағысын, толқынын, түсін және мөлдірлігін, мұхит суы құрамындағы химиялық заттар мен олардың қосылыстарының мөлшерін, әр түрлі биологиялық және басқа да көрсеткіштерді өлшеудің нақты мәліметтеріне, физиканың, математиканың, химияның, биологияның теориялық тұжырымдарына сүйенеді, жүйелі талдау әдісін қолданады, электронды-есептеу техникасын пайдаланады. Мұхиттанудың маңызды қолданбалы мәселесі – халық шаруашылығының теңіздік салаларын ғылымның соңғы жетістіктерімен қамтамасыз ету, мұхиттың астында және үстінде жүзетін кемелердің қауіпсіздігіне кепілдік беру, судың және мұхит түбінің биологиялық шикізат қорларын пайдалану, ауа райын болжауды жетілдірудің әдістері, т.б. Мұхиттану бірнеше бағытты біріктіретін кешенді ғылым, оның әрқайсысы мұхит табиғатының белгілі бір құбылыстарын зерттейді.
Мұхит пен теңіз суларындағы физикалық процестерді мұхит пен атмосфераның өзара әсерлесу заңдылықтарын қарастырады. Химиялық мұхиттану (мұхит химиясы) Дүниежүзілік мұхит суының химиялық қасиетін, құрамын, физикалық-химиялық процестерін зерттейді. Мұхит геологиясы (теңіз геологиясы) Дүниежүзілік мұхит түбі мен қойнауындағы өтетін геологиялық, геофизикалық, геохимиялық процестерді және сонымен байланысты мұхит пен теңіздегі кен байлықтарының пайда болуының заңдылықтарын, мұхит пен теңіздің жағалық белдемінің геологиясы мен геоморфологиясын зерттейді. биологиялық Мұхиттану (мұхит биологиясы) мұхит пен теңіздің жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, онда өтетін биологиялық процестерді қарастырады.
Мұхит ластануы
өңдеуМұхит ластануы, Дүниежүзілік мұхиттың ластануы – адамдардың әрекеті нәтижесінде мұхит (теңіз) суларындағы табиғи процестердің бұзылуы. Ластаушы заттардың өте көп мөлшерде жиналуы салдарынан жылдан-жылға мұхиттың өзін-өзі тазарту мүмкіншілігінің төмендеуі – онда тіршілік ететін организмдердің құрып кетуіне немесе шектен тыс көбеюіне алып келеді. Мысалы, теңіз жұлдызының (Asteroіdea) тым көбейіп кетуінен Австралия жағалауындағы Үлкен тосқауыл рифінің түбінде “тікенді шеңбер” қалыптасуда.
Қазіргі кездегі ең үлкен проблема -мұхиттың мұнаймен және мұнай өнімдерімен ластануы. Мұхиттың мұнаймен ластануының басым бөлігі теңіз транспортының және қала аумақтарынан шайып әкелетін мұнайдың үлесіне тиеді. Мұхитты мекендеушілер үшін, әсіресе, организмнің ішіне еніп кеткен жағдайда токсикалық әсер ететін, мұнайдың ерігіш компоненттері қауіпті. Мұнайдың төгілуінің ең бір ауыр зардабы -су бетінде жұқа мұнай қабатының пайда болуы. Онда газ алмасу бұзылады, жарықтың суға өтуі нашарлайды, фотосинтез жүрмегендіктен фитопланктон қырылады. Мұнайдың ауыр компоненттері (мазут) су табанына шөгеді, бұл бентостың өлуіне әкеліп соғады.[5]
Мұхит шарасы
өңдеуМұхит шарасы – Дүниежүзілік мұхит түбі бедерінің және геологиялық құрылымының басты элементтерінің бірі. Мұхиттың абиссаль белдемін қамтиды, жер бетінің ең төменгі гипсометрлік деңгейін (орташа тереңдігі – 4000 м, ең терең жері – 7000 м) алып жатыр. Мұхит шарасының аум. 185 млн кm²-ден астам; бұл – Дүниежүзілік мұхит түбінің 50%-ы. Мұхит шарасы бедерінің аса ірі элементі – мұхит шұңғымасы (орташа тереңдігі 5000 м). Шұңғыма түбінің 80%-ы – төбелі, абиссаль бедерлі аймақ, қалған бөлігі – құрлықтар етегіне ұласатын, тегіс және көлбеулене келген абиссаль жазықтар. Мұхит шарасының жоталық жер бедері негізінен күмбез тәріздес, мұхит көтерілімдерінен құралады. Кейбір су астындағы жоталардан жанартаулар тізбегі кездеседі. Тропиктік айдындардағы мұхит жоталарының шыңдарына теңіз маржандары шоғырланады да, бірте-бірте шағын аралдарға айналады. Көлемді аймақты қамтитын, беті тегістелген көтерілімдер мұхиттық үстірт, терең сулы науаларды қоршап жатқан өңірлер шеткі жондар деп аталады. Мұхит шарасы бедерінен жер қабығының мыңдаған км-ге созылған ірі жарылыстарын (мысалы, Тынық мұхиттың солтүстік-шығыс шұңғымасындағы субендіктік жарылыстар жүйесі) байқауға болады;[6]
Мұхиттар мен теңіздерді қорғау
өңдеуМұхитты зерттеу жəне оны қорғау - адам баласының маңызды міндеті. Мұхитты зерттеуде экспедициялық кемелердің маңызы зор. Олар ғылыми-зерттеу лабораторияларымен жабдықталған (мысалы, француздық Жак-Ив Кусто "Калипсо" кемесі). Арнаулы аппараттар, батискафтар үлкен тереңдіктерге зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Мұхит зерттеушілерінің қарамағында тереңдікті анықтауға мүмкіндік беретін компьютерлік жəне басқа да күрделі құралдар бар (мəселен, "Алвин" сүңгуір кемесі ғалымдарды 4500м тереңдікке децін апарады.
Мұхиттар
өңдеуДереккөздер
өңдеу- ↑ Сұрақ және Жауап энциклопедия
- ↑ М. И. Лазарев Океан (Мировой океан). Тексерілді, 12 қаңтар 2020.
- ↑ DOE 5 // Handbook of methods for the analysis of the various parameters of the carbon dioxide system in sea water — ORNL/CDIAC-74, 1994.
- ↑ Балалар Энциклопедиясы, 6 том.
- ↑ М.Ш.Алипов.Экология және тұрақты даму. Алматы 2012 ISBN 978-601-7275-58-7
- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Сыртқы сілтемелер
өңдеу
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Сұрақ және Жауап энциклопедия Мұрағатталған 26 сәуірдің 2014 жылы. 57 бет