Тәжіктер

Орталық Азияны мекендейтін ирандық ұлт

Тәжіктер (тәж. Тоҷик, парсы: Tājīk, تاجيک، تاجک‎) — парсы тілінде сөйлейтін ирандық ұлт, Тәжікстанның байырғы халқы. Тәжіктер Тәжікстанда, Өзбекстанда, Ауғанстанда, сонымен қатар Қазақстанда, Түрікменстанда, Ресейде, Иранда тұрады. Антропологиялық жағынан тәжіктер европеоидтік нәсілдің памир-ферғаналық тобына жатады. Ішінара моңғолтектілер де кездеседі.

Тәжіктер
тәж. Тоҷик
Бүкіл халықтың саны

20,000,000

Ең көп таралған аймақтар
 Ауғанстан

8,000,000

 Тәжікстан

4,758,400

 Өзбекстан

1,165,713

 Пәкістан

1,000,000

 Ресей

200,303

 Қырғызстан

46,105

 Қазақстан

36,277

 Украина

4,255

Тілдері

тәжік тілі

Діні

ислам

Этникалық топтары

парсылар

Эндоэтнонимдері

өңдеу

Ағылшын тілінде – «Tajiks»; қытай тілінде – «塔吉克族»; араб тілінде – «طاجيك»; парсы тілінде – «تاجيک»; өзбек тілінде – «Tojiklar»; ұйғыр тілінде – «تاجىك»; қазақ тілінде – «Тәжіктер»; түрік тілінде – «Tacikler»; пуштун тілінде – «تاجيکان»; испан тілінде – «Tayikos»; литва тілінде - «Tadžikai»; итальян тілінде – «Tagiki»; орыс тілінде – «Таджики»; болгар тілінде – «Таджики»; хорват тілінде – «Tadžici»; украин тілінде – «Таджики»; норвег тілінде – «Tadsjiker»; исланд тілінде – «Tadsjikar»; неміс тілінде – «Tadschiken».[1]

Тілі

өңдеу

Тәжік тілінде сөйлейді. Үндіеуропалық тілдер отбасының ирандық тармағының оңтүстік-батыс тобына кіреді, аналитикалық құрылысы бар тілдердің қопарылма (флективті) түріне жатады. Тәжік тіліндегі алғашқы жазба ескерткіштері ІХ ғ. жатады, оларда араб графикасы қолданылды. 1930 жылы тәжік тілі үшін латын әліпбиі қабылданып, ол 1940 жылы орыс (кириллица) графикасына аударылды. Тәжік тілінде төрт диалектілік топ ерекшеленеді: солтүстік (Бұхара және Самарқан, Ферғана алқабы, Ура-Төбе, Пенджикент сөйленістері және т.б.), орталық (жоғарғы еравшан), оңтүстік немесе қаратегин (каратегин, куляб, рог және бадахшан сөйленістері), оңтүстік-шығыс (дарвоз сөйленістері).[2]

Діні

өңдеу

Тәжіктердің басым көпшілігі ислам дінінің сүннит тармағын ұстанады. Аздаған бөлігі шииттер. Шамалы шиит қауымдарын Орта Азияда «ирандықтар» деп атайды. Ауғанстанның батысында фарсивандар деп аталатын ерекше топтар бар, олар негізінен Памир халықтарының ізімен исмаилшылдықты уағыздайтын шииттер мен Памир тəжіктері.[3]

Тарихы

өңдеу
 
Тәжік ақсақалы

Тәжіктердің халық болып қалыптасуы біздің заманымыздан бұрын 1-мыңжылдықтан басталған (қаласы Соғды). Олар көне Бактрия, Соғды және Ферғана жазығын мекендеп, егіншілікпен айналысқан халықтардан (бактриялықтар, соғдылар, паркандар) және көшпелі сақтардан қалыптасқан. 6 ғасырда Түрік қағандығының құрылуына байланысты түріктің этникалық ықпалы күшейе бастады. 8 ғасырда араб жаугершілігі кезінде Орта Азияда Тәжіктердің үш этникалық тобы болды: солтүстігінде соғдылар, орталығында ферғаналықтар, оңтүстігінде тохарлар.

Басқыншыларға қарсы күрес халықтың бір этникалық топқа топтасуына ықпал етті. 9—10 ғасырларда Самани әулеті мемлекетінің құрылуымен тәжік халқының қалыптасуы аяқталды. 10 ғасырдың аяқ кезінде түркі тайпаларының, ішінара моңғол тайпаларының көшіп келіп қоныстануы отырықшы тәжіктердің түркілену барысын тездетті. Бұдан кейін де түркі тайпаларының толассыз көшіп келуі жазықтағы тәжіктердің ғасырлар бойы түркіленуіне әсер етті. Таудағы және қалалы жерлердің түркіленуі баяу жүрді.

19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басындағы тәжіктердің тағдыры қиын болды. Тәжік қонысының солтүстік аудандары Ресей меншігіне (1868 ж.), ал Оңтүстік Тәжікстан халқы феодалдық Бұхара әмірлігінің қол астында қалды. Тәжіктердің экономикасында, қоғамдық қатынастарында, күнделікті тұрмысында, әсіресе оңтүстік аймақтарда феодалдық-патриархалдық тәртіп сақталды, солтүстік аймақтарда капиталистік қатынастардың элементтері пайда болды. Тәжіктердің өміріндегі түбегейлі өзгерістер Қазан төңкерісінен кейін болды. Социалистік қайта құрулар процесінде КСРО-дағы тәжіктер социалистік ұлт болып қалыптасты.[4]

Кәсібі

өңдеу

Тәжіктер ежелден егістік егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқан. Таулы, жазық және таулы аймақтарда жасанды суару қолданылды. Бұршақ дақылдары, дәнді дақылдар, мақта, арпа, тары, жеміс-жидек, бақша дақылдары өсірілді, бау-бақша дақылдары егілді. Ірі қара мал, аз мөлшерде қой, ешкі, жылқы, есек ұсталды. Олар көшіп-қонуды қолданды, малды жазда таулы шалғындарға айдады, онда тұрғындардың бір бөлігі жайылымға көшті. Тауларда әйелдер сүт өнімдері серіктестіктерін құрды. Әрқайсысы кезек-кезек барлық сүтті алып, одан май, ірімшік және басқа да сүт өнімдерін болашақта пайдалану үшін дайындады.

Жазықтағы тәжіктер қолөнермен айналысты: ер адамдар мата, жүн, жібек, мақта маталарын жасады, зергерлік бұйымдар, қыш бұйымдар жиі жасалды. Ежелгі қолөнерге ағаш ою, сәндік кесте жатады.[5]

Тұрмыс салты

өңдеу
 
Тәжік отбасы

Тәжік халқының салт-дәстүрлерінің қалыптасу кезеңдері елдің тарихи-мәдени өмірімен етене байланысты. Мәселен бала тәрбиесіне қатысты әдет-ғұрыптар сәби өмірге келген күннен бастап өз күшіне енеді. Босанған ананы баласы қырқынан шыққанша күтіп баптайды. Сондай-ақ ол үйге қырық күнге дейін қонақ келмейді. Бала қырқынан шыққан соң туған-туыс, ағайындарын жинап, шілдехана тойын жасайды. Тойда нәрестеге арнайы келген молда азан шақырып, ат қояды. Тәжіктер отбасында берілетін тәрбиенің ең негізгісі еңбек тәрбиесі болып табылады. Баланың белі қатайып, буыны беки бастаған күннен-ақ ата-ана баларын еңбекке баули бастайды.

Екі жастың отау құрып, жаңа өмірге қадам басар сәттері тәжіктерде ерекше аталып өтілетін дәстүрлерінің бірі. Егер жігіттің өзі ұнатқан қызы болса, алдын-ала әке-шешесіне айтады. Болмаса жігітке қызды айттырады. Ұлдың ата-анасы ағайын-туыстарымен ақылдасып, сөзге шешен адамды «елші» ретінде қыздың үйіне жібереді. Елші екі жақты келістіргеннен кейін құда түсу рәсімі басталады. Құда түсу рәсімінде той хақында ақылдасып, тойға сойылатын малдар, берілетін сыйлықтар жағы келісіледі. Жігіт жағы қыздың үйінде өтетін той шығынын барлығын өздері көтереді.[6]

Елді мекендері мен дәстүрлі баспаналары

өңдеу

Дәстүрлі ауылдары ықшам, тығыз салынған, қисық көшелермен лабиринтті тұйықтары бар, үйлердің бос қабырғалары мен дуалдары бар Үйлері негізінен, саманнан салынған (таулы аудандарда тас үйлер де бар), шатыры жайпақ, кейде террасасы (айвон) болған. Тұрғын үй ерлер және әйелдер бөліктеріне бөлінген. Қонақтарға арналған ерекше бөлме (мехмонхана) бар, онда еденге киіз, мақта және жүн алашалар, кілемдер төселген, олардың үстіне үйжайдың бойымен көрпешелер (курпача) тасталған және ортасына – дастархан жайғастырылған. Қабырғаларын кестемен (сюзани) безендірілген. Жазықтағы тәжіктердің арасында қабырғалық тауашалар әдетте шкаф ретінде қызмет етеді.[7]

 
Ұлттық киім киген Панжакент әйелдері

Дәстүрлі киімдері

өңдеу

Тәжіктердің дәстүрлі киімінде әр этномәдени аймақтың өзіне тән ерекшеліктері болған, дегенмен ортақ сипаттары бар. Ерлерде – туника үлгісінде пішілген көйлек, ауы кең шалбар, қаусырма шапан, орамал белбеу, тақия, шалма мен табаны жұмсақ етік, басы үшкір келген тері калош (оларды жеке киген, кейде етіктің сыртынан киген), таулы жерлерде – табанында тау соқпақтарында жүруге ыңғайлы болу үшін жасалған үш бүртігі бар сабо үлгісіндегі туфли киген. Әйелдердің үстінде – туника үлгісінде пішілген біртегіс матадан, ал таулы аудандарда, әсіресе Дарбаз бен Кулябта – кестелі көйлек болған. Кең шалбарлар тобықты жауып тұрған. Бас киім – орамал, тақия (гиссарлық тәжік әйелдерінде). Қалалық және жазық жерлерде тұратын тәжік әйелдері қаусырма шапан, жергілікті аяқкиім киген. Таулықтарда шапан болмаған. Қыздар мен жас әйелдер негізінен иніші бар көйлек киген. Шалбарлары тарлау етіп тігіледі, жас әйелдерде тобықтан айтарлықтай жоғары болып келеді. Киім түрлі зергерлік бұйымдармен міндетті түрде толықтырылады: олар – сырға, білезіктер, жүріп келе жатқан кезде қозғалып, металдарының жарқылдап, тастарының жарқ-жұрқ етіп тұруы үшін көптеген салпыншақтары, шығыршықтары бар шекеліктер мен алқалар.

Қазіргі тәжік киімі дәстүрлі элементтерді біріктіреді - сыртқы халат, бас қалпақ қалалық киіммен. Тәжіктер киімнің дәстүрлі элементтерін көбірек сақтайды. Қыздар мен жас әйелдер негізінен Орта Азияда (Түркіменстаннан басқа) кең таралған қамыт көйлек киеді.[8]

Дәстүрлі тағамдары

өңдеу
 
Қой еті мен бөдене жұмыртқасы қосылған тәжік палауы

Таулы аудандардағы негізгі азық-түлік – тандыр нан, сүт тағамдары, күріштен жасалған тағамдар, көкөніс пен жемістер. Ет – тәжіктердің сүйікті асы. Оны кез келген түрде тұтынады: қайнатып, қуырады, бұқтырады және тандырда (сазды пеште) пісіреді. Бұл негізінен қой еті, сирек сиыр еті, жылқы еті және ешкі еті. Құс – стрек қолданылады, тауық, кекілік пен бөдене еті.

Тәжіктер палауды – күріш, ет, пияз, сәбіз және дәмдеуіштерден тұратын тағамды жақсы көреді. Палаудың бірнеше түрі бар, әр аймақ оны әртүрлі дайындайды. Басқа ет тағамдары да танымал: қуырдақ (кавордок) – картоппен қуырылған ет; қазы – жылқы етінен жасалған шұжық; джазза – қуырылған қой еті; шахлет - орамжапырақ орамдары, дамлама - қуырылған ет пен көкөністер және т.б.

Тәжікстанның ұлттық сусыны – көк шай. Олар оны қыста да, жазда да ішеді. Қара шай аз танымал және көбінесе қыста ғана пайдаланады. Ширчай (ширчо) - сүт, май және тұз қосылған шай да танымал.[9]

Фольклоры

өңдеу

Тәжік ұлттық билері ерте орта ғасырға дейін пайда болған. Олар тұрмыстық маңызды оқиғаларда: бала туу, отбасылық мереке және басқа да іс-шаралармен байланыстырылып отырған. Ол бірнеше стильге бөлінеді: памирлік, таулық, бұхаралық, оңтүстік (Хатлон аудандарының тобы), Солтүстік Тәжікстанның Гиссар аңғары. Олардың әрқайсысы түрлі костюмдерімен, қимылдарымен және өңір тұрғындарына тән мәнерлерімен өзгешеленеді.

Тәжік ұлттық биі келесі түрлерге бөлінеді: би-пантомима (ең көне түрі) жануарлар мен құстарға еліктеуге негізделген, жоралғы биі – раксхои маросими, пойамал биі Памир ауданында сақталған. Сонымен қатар салт билеріне «гилем» – кілем, «бофт» – мата, «ошпаз» – аспаз жатады. Ерлер биіне жауынгерлер биі жатады. Олардағы қозғалыстар өкпек болып келеді: динамикалық, жылдам, күш пен қуатты бейнелейді. Шамшербози – қылышпен, кордбози – пышақпен, оташбози – отпен билейтін би. Музыкалық аспаппен билейтін ерлер мен әйелдер биі – ракс бо дутор (дутармен), ракс бо дойра (дабылмен), ракс бо гижжак (гиджак).[10]

Қазақстандағы тәжіктер

өңдеу

1926 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанның Сырдария губерниясында 7 579 тәжік тіркелді. Бұдан әрі тәжіктер (тәжік диаспорасының 80%-ға жуығы) Қазақстанның оңтүстік облыстарында, дәлірек айтқанда, Түркістан облысында тұруды жөн көрді. Қазақстанның тәжік диаспорасы санының жалпы динамикасы тұрақты өсу үрдісін мынадай түрде болды:

  • 7 666 (1926)
  • 11 229 (1936)
  • 8 075 (1959)
  • 7 166 (1970)
  • 19 293 (1979)
  • 25 514 (1989)
  • 25 657 (1999)
  • 36 277 (2009)
  • 42 143 (2014) адам.

Сілтеме

өңдеу

Дереккөздер

өңдеу
  1. Таджики - Тоҷикон / تاجکن. Тексерілді, 15 қараша 2024.
  2. Э.Д. Сүлейменова, Д.Х. Ақанова, Н.Ж. Шаймерденова «Қазақстан тілдері: әлеуметтік лингвистика анықтамалығы» — «Издательство Золотая Книга» ЖШС, 2020. — Б. 179. — 480 б. — ISBN 978–601–7988-21-0.
  3. ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК Қазақстан этносаясаты мен тәжірибесінің терминдері мен ұғымдары — Нұр-Сұлтан, 2020. — Б. 163. — 193 б. — ISBN 978-601-287-224-8.
  4. Кисляков Я.А. Тәжіктер. Тексерілді, 15 қараша 2024.
  5. Тәжіктер – Орталық Азияның халқы. Тексерілді, 15 қараша 2024.
  6. Тәжіктердің салт-дәстүрлері. Тексерілді, 15 қараша 2024.
  7. Әлем халықтары/Тәжіктер. Тексерілді, 15 қараша 2024.
  8. В.А.Тишков Дүние жүзіндегі халықтар мен діндер. Энциклопедия. — Москва: Үлкен Ресей энциклопедиясы, 1999. — Б. 509. — 930 б. — 100 000 таралым. — ISBN 5-85270-155-6.
  9. Дәстүрлі тәжік тағамдары. Тексерілді, 16 қараша 2024.
  10. Тәжіктердің мәдениеті мен тұрмыс салты. Тексерілді, 15 қараша 2024.
  NODES