Ұрық (грек. embryon) — адам мен жануарларда аталық және аналық жыныс жасушаларының қосылуы нәтижесінде түзілген бір жасушалы жаңа организм (зигота). Ұрықтың дамуы негізінен жұмыртқа жасушаларының қабықшаларында немесе аналық организмнің арнайы мүшелерінде өтеді (қараңыз Ұрықтың дамуы. Ұрық қабықшасы). Өсімдіктерде ұрық зиготадан дамып, жетілген жаңа дарабастың бастамасы болып саналады. Өсімдіктердегі ұрықтық дамудың ең қарапайым түрі жасыл балдырлардан (спирогирадан) байқалады. Спирогира зиготасы спорофитті жіпше түзбейді, ол бірден мейоз процесіне өтеді. Ал қоңыр балдырларда (фукуста) зигота субстратқа бекініп барып бөлінеді, содан кейін өсу нүктесі (таллом) бар ұрықтық дене түзеді. Мүктәрізділерде ұрық аналық организм гаметофитте өседі. Ол осы жерде қоректеніп, әрі қарай споралартүзілетін спорогенді ұлпа түзеді. Мұндай ұрық типі басқа жоғары сатыдағы организмдерде кездеспейді. Ежелгі жоғары сатыдағы өсімдіктерде (псилофиттер) ұрықтың дамуы гаметофит ұлпасында өтіп, онда зиготаның тізбекті бөлінісі жүрген. Төменгі бөлігіндегі жасушалардан сабақ қалыптасады, ал жоғарғы жағындағы екі аналық төмпешіктен өсу нүктесі (меристема) дамиды. Бұл жерде ұрық қарама-қарсы (поляризацияланған) құрылымға ие, яғни бір бөлігі жер үсті бөлігін құраса, екінші бөлігі тамырды құрайды. Плаунтәрізділерде ұрық болашақ ұрықтың жапырақшалары бар екі симметриялы төмпешіктер түрінде болады. Қырықбуындарда ұрықтың дамуы болашақ өркенге, тамырға, бірінші жапыраққа және сабақшаға бастама болатын дұрыс сегменттелген төрт аумақтан тұратындығымен сипатталады. Қырыққұлақтәрізділерде зиготаның алғашқы екі бөлінуінен пайда болған төрт жасушадан өркеннің ұшы, бірінші жапырақ, тамыр және сабақша дамиды. Ашықтұқымдыларда ұрық дамуының алғашқы циклі бос ядролы немесе ценоцитті кезең деп аталады. Келесі ретте ол жасушаға айналып, сонан соң ғана сабақтың өсу нүктесі, тамыры және дән жарнағына бастама болатын төмпешіктер түрінде болады. Көптеген жабық тұқымдыларда зигота апикалды және суспензорлы жасушаларға бөлінеді.[1]

Сілтемелер

өңдеу

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

Дереккөздер

өңдеу
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Fetus
  1. Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі / — Алматы: «Сөздік-Словарь», 2009 жыл. ISBN 9965-822-54-9


  NODES