Автомобиль спорты — шапшаң, спортқа арналған сериялы автомобильдермен әртүрлі жарыстар өтетін спорт түрі.

Алғашқы автомобилдік жарыс 1894 жылы 18 қазанда Париж-Руан-Париж марафоны бойынша 1200 км. қашықтыққа өтті. Онда автомобильдердің шапшаңдығы сағатына 12,5 км. ғана болды. Уақыт өте келе шапшаңдық өсті, қашықтықтар да ұлғайды, үлкен автодромдардың салынылуына байланысты жарыс түрлері де жаңарды. Қазір рекорд жаңарту бойынша өткізілетін жарыстарда автомобильдердің шапшаңдығы сағатына 1000 км-ден асты. Батыс мемлекеттерде автоспорт пайда табудың көзіне айналды. Адам мен машинаның мүмкіндігіне сыймайтын жарыстарға қатысқан машиналар апатқа ұшырап, ондаған спортшылар бәсекелер кезінде қаза табады. Автомобиль жарыстарының ең қауіптілері — әрбір кезеңі шамамен 320 км-ден түратын 1950 жылдан бері өтіп келе жатқан "Формула-1" және 1909 жылдан бері өтіп келе жатқан "Инди-Кар" жарысы. Бұлардан басқа да "Формула-2", "Формула-3", "Формула-3000", "Формула-Атлантик", "Формула-Форд", "Формула-Лотус", "Формула-WEE" т.б. жарыстар бар.

Айналма жолмен жарысу арнайы салынған тұйық трассаларда өтеді. Мұнда жолдың өте ұзақ болуы да мүмкін және жанкүйерлердің қарауы үшін жағдай жасалады. Жол бойында шұғыл бұрылыстар, құлдилар мен өрлер кездесіп отырады, бұл жүргізушілерден асқан шеберлікті қажет етеді. Жарыстар қуаттылығы әртүрлі автомобильдер арасында өтеді.

Автоспортта ойлы-қырлы, табиғи кедергілері көп жерлермен жарысатын автомобиль кросстары кең тараған. Мұндайда жарыс жолы жабық және ашық деп екіге бөлінеді. Ашық жарыс жолында автомобильшілер жүретін жолмен алдын ала танысады, тіпті жаттығулар да өткізе алады. Ал жабық жарыс жолында автомобильшілер маршрутпен таныса алмайды, мұнда сөреге шығар алдында ғана жолдың картасы мен тоқтайтын жерлер ғана керсетіледі.

Соңғы жылдары өте ұзақ қашықтыққа құрлықаралық авторалли жарыстары жиі өткізілуде. Солардың бірі Еуропа-Азия автораллиі 2007 жылы Қазақстан аумағымен өтіп, осы жарысқа біздің республикамыздың өкілдері де қатысты. Мұндай жарыстарға қатысушылардың басты міндеті - бақылау орындарына тез жету болып табылады. Автомобильшілер сөреге шыққанда машинаның моторы сөндірулі тұрады. Ралли спортшылардан техника тілін жақсы меңгеруді, тәртіптілікті, шыдамдылықты, орташа шапшаңдықты, жолды жүру кестесін ұстай білуді талап етеді.

Қазақстанда автомобиль спорты 1960-шы жылдардан бастап дами бастады. Аралас техникалык өнер көрсетуде 1971 жылғы КСРО ч-тында алматылық Ю. Кавский чемпион атанды. 1980 жылдан Алматыдағы көлді айналып өтетін кросс ұйымдастырылды. 2005 жылы кросс, 2008 жылы "Қазақстан-2008" автораллиі өтті.[1]

Жарыс түрлері

өңдеу
  • Тас жолдағы жарыстар көбінесе тұйық трассаларда бірнеше шеңбер өткеруден тұрады
  • Төзімділікке жарыстар көпсағаттық (24-, 12-сағаттық) немесе көпшақырымдық (500-, 1000-шақырымдық) болады
  • Ралли — бір географиялық нүктеден екіншіге жетуді көздейтін жарыс
  • Трофи-рейд — кедір-бұдырлы жерде айдауға бейімделген автомобильдер жарысы
  • Дрифт — сырғып айдау шеберлігін көрсету
  • Автокросс — жол төселмеген тұйық трассадағы жарыс
  • Автослалом — мәнерлеп айдау, жоғары жылдамдықтағы маневрлеу
  • Дрэг-рейсинг — екі автоның жарысы
  • Автотриал
  • Картинг және т.б.

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақстан - спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Сөздік-Словарь". ISBN 9965-822-57-3

Тағы қараңыз

өңдеу
  NODES