Антоним (гр. ἀντι- — «қарсы», гр. ὄνυμα — «ат», «атау») — мән-мағынасы бір-біріне қарама-қарсы қолданылатын сөздер[1]. Лексикологияда құбылыстың (күн — түн), ұғымның (бақ — сор, жақсылық — жамандық), сапаның (жаңа — ескі), қимылдың (кіру — шығу), т. б. қарсы мәндегі сөздердің мағыналары антонимдік жұп құрайды. Заттың атауын білдіретін сөздердің антоним дік жұбы болмайды. Сонымен қатар антоним қарама-қарсы мағына арқылы сөздердің мағыналық тұтастығы мен біртектілігін де білдіреді. Антоним сөздің дәл, нақты мағынасын салыстыру тәсілі арқылы айқындап, стилистикалық қызмет атқарады. Әсіресе, мақал-мәтелдерде жиі қолданылады. Мысалы, «Көз — қорқақ, қол — батыр», «Өтірік — қаңбақ, шын — салмақ». Қазақ тілінде фразеологиялық антонимдер көп кездеседі: аты шықты — аты өшті, жүрек жұтқан — су жүрек, соры қайнады — көзі ашылды.[2]

Көркем шығармада ойдың өрістеуі екі түрлі ұғымның, түйіннің шарпысып келуіне орай қатар алынған сөздердің қарама-қарсылық, қайшы мағынасы, көркемдік әсерлілігі күшейе түседі. Сондықтан қайшы сөздер шендестіру тәсілін тудыратын құнарлы, өнімді құрал бола алады. Мысалы:

        Атадан жақсы ұл туса, 
        Есіктегі басын төрге сүйрер.
        Атадан жаман ұл туса, 
        Төрдегі басын ерге сүйрер.

Дереккөздер

  1. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  NODES