Ауксиндер (көне грекше: αὔξω  – "өсемін") – өсімдік жасушаларында түзілетін физиологиялық маңызы зор, өсу процестеріне демеу болатын өсімдіктер гормондары, индол туындылары. А. жасанды және табиғи жолмен түзіледі. Ауксин өркендердің ұштарында, жапырақтарда және тұқым жарнақтарында, өсіп келе жатқан ұрықта түзіледі. Өсімдік тозағында да ауксин кездеседі. Жасанды А. – өсімдік өсіру тәжірибесінде қолданылатын кристалды заттардан (мыс., индолил май қышқылы, нафтил-сірке қышқылы, т.б.) алынады. Табиғи А. барлық жоғ. және төм. сатыдағы өсімдіктердің көпшілігінде, сондай-ақ бактерияларда түзіледі. Олар өсіп келе жатқан өркендердің ұштарында, тұқымда, тұқымжарнақта пайда болып, жасушалардың созылуын, сабақтың, жапырақтардың, тамыр кесінділерінің өсуін, олардың иілгіштік қасиеттерінің пайда болуын тудырады, қалемшелердің тамырлану қарқынын тездетеді. А. әсерінен қышқылданған клетка қабығы жұмсарып, оның құрамындағы целлюлоза және пектиндік полимерлері үзіліп, қасиеті өзгереді. Бұл ішкі (тургорлық) қысымның әсерінен өсіп келе жатқан жасушаның созылуын жеңілдетеді. А. қоректік ортада өскен өсімдік ұлпасында (каллус) және қалемшелерде қосалқы тамырлардың пайда болуына ықпал ететіндіктен көбеюі жеделдейді. А. мен өсімдік гормондары (цитокининдердің) біріккен үйлесімді әсері жасанды ортада өскен жасуша ұлпаларының жіктелуін және тамыр түзілуін қамтамасыз етеді. А. ш-нда А. қалемшелерді тамырландыру, түйіндер мен жемістердің ерте үзіліп түспеуі үшін және гербицид ретінде қолданылады[1].

Индолил-3-сірке қышқылы (гетероауксин)
4-Хлориндолил-3-сірке қышқылы
Индолил-3-май қышқылы

Ауксин ашылу тарихы

өңдеу

Фототропизм жұмысын басқаратын және реттейтін заттың болуы туралы алғашқы болжамды Чарльз Дарвин «Өсімдіктердің қозғалу қабілеті туралы» (1880) еңбегінде ұсынды. Дарвин сабақтың әр түрлі бөліктерін көлеңкелеу тәжірибелері арқылы өсімдіктің гипотетикалық өсуін реттейтін затты анықтап, оны ауксин деп атаған. Ч.Дарвин ауксиннің өсімдіктің апексінде синтезделіп, жер үсті бөлігінде полярлы (жоғарыдан төмен) бағыты бойынша қозғалатыны туралы қорытынды жасады. 1931 жылы адам зәрінен, өсімдіктерде сабақтың майысуын тудыратын зат бөлініп алынды; бұл зат индолацетикалық қышқыл (IAA) болып шықты; ИЛҚ көп ұзамай өсімдік және саңырауқұлақ ұлпаларынан да шығарылған болатын. ИЛҚ өзінің табиғаты бойынша триптофан аминқышқылының туындысы болып табылады. ИЛҚ әр түрлі өсімдік түрлерінің тіндеріндегі барлық ауксиндердің 80-95% құрайтын негізгі табиғи ауксин болып табылады. Басқа табиғи ауксиндердің барлығы (индолбутир қышқылы, хлориндолилацет қышқылы) химиялық формуласы бойынша ИЛҚ-ға жақын және оның шығу тегімен байланысты.

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ Совет энциклопедиясы/Бас редакторы М.Қ.Қаратаев - Алматы, 1972, 1 том
  NODES
Done 1