Балғын арша, Түркістан аршасы (Junіperus turkestanіca) — арша туысына жататын мәңгі жасыл, көп жылдық бұта. Қазақстанда Жетісу (Жоңғар), Іле, Теріскей Алатауларының, Кетпен жотасының, Батыс Тянь-Шаньнің альпілік, субальпілік белдеулерінде өседі. Биіктігі 1—2 м. Ағаш түріндегісі (биіктігі 6 — 18 м) сирек кездеседі. Жатаған сабағының сұрғылт, қызыл қоңыр қабығы қабыршақтанып түлеп түседі. Тік өсетін бұтақтары жіңішке, көп тармақты, сыртын қарама-қарсы орналасқан ұсақ жасыл жапырақтары жауып тұрады. Жапырағының ұзындығы 2 мм-ге дейін, сопақша, ұшы сүйір келеді, өркенімен кірігіп жетіледі. Бүр жемісінің диаметрі 9—15 мм, сопақ не домалақ пішінді, жылтыр, қара түсті болады. Шілдетамыз айларында піседі. Етті, тәтті, шырынды жемісінің құрамында эфир майы болғандықтан емге пайдаланылады. Балғын аршаның қар тоқтатудағы, топырақтағы ылғалды сақтаудағы маңызы зор. Ежелден қазақ Балғын аршаны қымыз сабасын ыстауға қолданған.[1]

A.

Дереккөздер

өңдеу
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;


  NODES