Гигиена
Гигиена (грек. hygіeіnos – дені сау) — денсаулықты сақтау, аурулардан алдын ала сақтану туралы ғылым; медицинаның бір саласы. Гигиена сөзі грекше hygіeіnos, яғни ол дені сау деген ұғымды білдіреді. Гигиена әртүрлі саладағы дәрігерлерді дайындауда маңызды орын алады, өйткені болашақ дәрігердің профилактикалық бағытта ойлау қабылетін қалыптастырады және гигиеналық, клиникалық пәндердің байланысы туралы ұғым береді.
Қоршаған ортаның адам организміне (денсаулығына, оның еңбек ету қабілеті мен өмірінің ұзақтығына) тигізетін әсерін зерттейді; елді мекендерді таза ұстау, мұндағы адамдардың тұрмысы мен қызмет жағдайын жақсарту жөнінде түрлі нормативтер мен ғылыми талаптар, санитарлық шаралар жүйесін жасайды.[1]
Біздің заманымыздан бұрынғы 1500 ж. Мысырда, Хорезмде тазалық сақтау шаралары қолданылған. Адам денсаулығын жақсартып, нығайтатын – таза ауа мен су екенін сол кездің өзінде ежелгі грек дәрігері Гиппократ атап көрсеткен. Гиппократтың сол көзқарасын ортағасырлық ғұлама ғалым Әбу Әли ибн Сина жалғастырды. Оның әлемге әйгілі «Дәрігерлік ғылымның каноны» деген энциклопедиялық еңбегінде денсаулықты күні бұрын сақтап, дұрыс тамақтана білудің теориялық негіздері баяндалған. Сол кезде Үргеніш, Самарқан, Отырар, Тараз, т.б. қалаларда мал сою, сүт сату, балық сақтау, ауыз суды тазарту істеріне жергілікті билік органдары тарапынан бақылау жасалып отырған. Қазақ халқы ежелден денінің саулығын, тазалығын сақтап, дұрыс тамақтануға қатты көңіл бөлген. Қазақ жерінде тазалық сақтау туралы мағлұматтар да ертеден белгілі. Атап айтқанда 15 ғасырда жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты энциклопедиялық-анықтамалық қолжазбасында халық медицинасы, адамның он екі мүшесін күту (мысалы, тері, көз, т.б.), тазалық сақтау туралы мол мәліметтер келтірілген. Осындай мәліметтер, сондай-ақ Халел Досмұхамедұлының «Оқушылардың саулығын сақтау» (1925), «Адамның тән тіршілігі» (1927) атты еңбектерінде айтылған.[2] Гигиена ғылымы эксперименталдық және клиникалық медицина, оның ішінде кәсіби аурулар мен жұқпалы ауруларды зерттейтін ғылыми бағыттарды, биология, химия, физика, климатология, т.б. ғылым салаларының жаңалықтары мен жетістіктерін пайдаланады. Гигиена саласындағы зерттеулерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау агенттігі, Профилактикалық медицина академиясы үйлестіріп отырады.[3]
Ғылым ретінде гигиена келесі міндеттерді алдына қояды:
- Сыртқы ортаның әртүрлі факторларының адам денсаулығы мен жұмысқа қабылеттілігіне әсерін зерттеу.
- Зиянды факторлардың жағымсыз әсерін төмендететін жалпы шараларды әзірлеу.
- Халықтың тіршілік жағдайының, еңбек пен білім алуының оңтайлы нормативтерін жасау.
- Денсаулық деңгейін жоғарылату, өмір сүруді ұзарту, халықтың шығармашылық потенциалын көтеру әдістерін қарастыру.
Гигиенаның басты мақсаты сырқаттың алдын алу (науқасты емдеу емес). Гигиенаның зерттеу нысаны дені сау адам, басқа медицина салалары науқас адаммен айналысады, яғни, емдеу медицинасының міндеті жеке адамдарға мамандандырылған емдеу–профилактикалық көмек көрсету болса, гигиенаның міндеті сау адамдардың жалпы контингентіне қатысты профилактикалық шараларды дайындау. Гигиенаның мақсаты жайлы (комфортты) өмір салтын, оңтайлы еңбек жағдайларын жасау жолымен сырқаттардың пайда болуын алдын алуды, жоюды мақсат етеді.
Тұрғын үй гигиенасы
өңдеуТұрмыс гигиенасының негізі — пәтерді күтіп, таза ұстау. Бөлмеге жиһазды толтырып жинай беруге болмайды. Себебі ол шаңның көп жиналуына жол беріп, үйді таза ұстауды қиындатады. Тазалық сақтау үшін күн сайын шаңды сүртіп, еденді дымқыл щеткамен сыпыру, аптасына кемінде 1 рет жуып отыру керек. Терезені кірлетпей уақтылы сүрткен абзал. Жұмсақ жиһаз бен кілемдерді шаңсорғышпен тазалаған жөн. Бөлменің ауасы таза болуы үшін терезе желдеткішін күніне 3 мәрте: таңертең дене шынықтырған кезде, бөлмені жинастырғанда және ұйықтар алдында (пешпен жылытылатын үйлердерде пеш жағылатын уақытқа туралаған жөн) 30 минуттай ашып, желдетіп алу қажет. Жазда терезелерді ашып қойған дұрыс. Егер отбасыда балалар, жасы ұлғайған немесе аурушаң адамдар болса, оларға жел қарысып қалмас үшін бөлмені сақтықпен желдеткен жөн. Бөлменің ауасын тазарту үшін механикалық желдеткіштер де пайдаланылады. Ас үйде, ваннада, дәретханада желдетуге арналған ауа тартқыштар болады. Пәтерді жинастырған кезде торды жиналған шаңнан тазалаған жөн. Қабырға арқылы да аздап ауа алмасады, сондықтан тұрғын үй қабырғасын майлы бояумен сырлауға болмайды. Мүмкіндігінше, бөлме температурасы жылдың жылы мезгілінде 22˚С-тан 25˚С-қа дейін, қыста 20˚С-тан 22˚С-қа дейін (алайда 18˚С-тан төмен емес) бірқалыпты болғаны абзал. Есіктер мен терезе рамаларындағы саңылауларды тығындап бөлмені жылы ұстауға болады. Температураны жоғарылату үшін электр каминдерді т. б. жылыту аспаптарын пайдалану керек. Пеш жаққан кезде иіс тиіп қалуынан сақталған жөн. Пешке от жағуды кешкі 20 сағаттан кейін тоқтатқан дұрыс. Отын толық жанып болғаннан кейін ғана пештің жаппасын жабады.
Бөлмені салқындату үшін терезеге орнатылған кондиционерлерді пайдалануға болады. Кондиционер тұрақты температураны сақтай отырып, ауаны бір мезгілде шаң мен ылғалдан тазартады. Үйді күтіп ұстамаған жағдайларда (іргесі сыз тартқанда, төлені су басқанда, үйдің төбесінде, жабындысында ақау болғандағыдан басқа): пешті жүйелі түрде жақпағанда, бөлме үнемі желдетілмегенде, үй ішіне кір жуып, кептіргенде бөлмеде сыз пайда болып, ауа ылғал тартады. Сыз адамды науқасқа шалдықтырады, үй қабырғасы мен жиһаздарының бүлінуіне әкеп соқтырады. Сондықтан кірді ваннада жуып, балконда немесе аулада (оған арнайы бөлінген жерлерде) кептірген жөн. Адам көбірек бас қосатын бөлмелердің таза болуына ерекше мән берген дұрыс. Әсіресе, ас үйді таза ұстау қажет. Бөлмелерде шыбын, тарақан, кеміргіштер пайда болмау үшін тамақты ашық, ыдыс-аяқты жуылмаған күйінде қалдырмай, тағам қалдықтарын жабылатын шелекке салып, уақытында шығарып отырған жөн. Ваннаны пайдаланған сайын жуып, су ағатын тесікті, унитаздарды күн сайын арнайы щеткамен тазалау керек. Ванналарды, унитаздарды, қоқысқа арналған шелекті жуу және дезинфекциялау үшін сауда орындарында «Санита», «Сосенка», «Дезипон» т. б. арнайы препараттар сатылады. [4]
Тағы қараңыз
өңдеу- Гигиена және эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығы
- Салауатты өмір салты
- Әлеуметтік гигиена
- Эпидемиология
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Гигиена |
Дереккөздер
өңдеу- ↑ Балалар энциклопедиясы, III-том
- ↑ О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы
- ↑ Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |