Гомер (көне грекше: ὍμηροςХомерос; б. з. д. 12–8 ғасырлар шамамен) — Ежелгі Грекияның эпикалық ақыны. Өлеңдері мен дастандарын ел аралап жүріп, ішекті аспаптың әуеніне қосылып, айтып шығарған. Гомер шығармаларының кейбір тұстары, соның ішінде «Илиада», «Одиссея» дастандары 8–7 ғасырларда кең тараған. Абайдың Жиырма жетінші сөзінде Гомер аты аталады.

Гомер
көне грекше: Ὅμηρος
Британ мұражайындағы Гомер бюсті
Британ мұражайындағы Гомер бюсті
Туған күні

б. з. д. 12

Туған жері

Белгісіз: Смирна, Хиос, Колофон, Пилос, Аргос, Итака, Афина

Қайтыс болған күні

б. з. д. 8

Қайтыс болған жері

Иос, Ежелгі Грекия

Ұлты

Грек

Қызметі

Ақын, Рапсод

Гомер (Уиллем Бугро жұмысы, 1874.жыл)

Ұстазы Сократ Хакім ғалым шәкірті Аристодимнен өнеріне ел таңданарлықтай кімдерді білетінін, олардың қандай өнерімен танымал екенін сұрағанда, Гомерді жұрт бәйітшілдігі (ақындығы) үшін құрметтейтінін айтып, оның есімін бірінші атайды. Гомер өмірдерегін зерттеушілер оны “ионий отарларының бірінде туған болуы керек” деп, шығу тегін ионий гректеріне жақындат­қанымен, бұлтартпастай дәлел келтіре алмайды. “Кейінгі заман гректерінің өзі Гомердің қайда туғанынан бейхабар.

“Грек антологиясындағы” Смирна, Хиос, Колофон, Пилос, Аргос, Итака, Афины – жеті қала Гомердің отаны деп аталады”, деп көрсетеді “Илиада” эпосын зерттеуші А.И.Зайцев (Гомер. Илиада. Л, 1990 жыл, 399 бет). В.П.Яйленко: “Тағы бір ұлы ақын Гомер есімі Кіші Азия халықтарының сөзінен шыққан. Грек тіліне ауысқанда ол “соқыр” деген мағынаға ие болған” деседі. Көптеген зерттеушілер Гомер есімі ақынның шын есімі екеніне күдік келтіргенмен, ол Гомер аталса керек. Гректерде мұндай кісі аты жоқ, гректер оның мағынасын мүлде ұқпайды. Сондықтан “тұтқын”, “соқыр” деп түсіндіруге тырысады...Ұлы ақын грек болмай, жастайынан грек тілін меңгерген “варвар” болуы да ғажап емес” деп тұжырады (В.П.Яйленко...33 бет, А.И.Зайцев... 400 бет).

Страбон мәліметінше: эолийліктердің қаласы Смирнада (Измирде): “төрт бұрышты айлақта Гомер храмы және ағаштан ойылған Гомер мүсіні бар. Гомерді меншіктеуге олардың себебі жеткілікті. Гомерик аталған мыс ақша шығарған да осылар”, деп мәлімдейді (Страбон. М, 1994. ХІV, 1, 3, 7. 604 бет).

Сонымен, Гомердің эолийлік (алаштық) Смирнада тууы басқа топшылауларға қарағанда негіздірек көрінеді.

Ғажабы сол – Гесиод пен Гомердің айтысқаны туралы дерек сақталған. Екі ұлы ақын шақырумен Евбейге барып, Халкидон патшасы Амфидамантты жерлеу кезінде айтысқан. Оны Плутарх жазып кеткен. Амфидаманттың інісі Паниданың шешімімен жеңіс соғыс пен жаугершілікті жырлаған Гомерге емес, еңбек пен диқаншылықты дәріптеген Гесиодқа берілген. Бұл оқиғаны Гесиод “Еңбек пен күндер” поэмасында жазып қалдырған. “Алдын ала шақырылған соң, ақылды Анфидаманттың құрметіне өткізілген айтысқа қатысу үшін Халкидаға бардым. Ұлдары мол сыйлық атаған екен. Сонда құлақты аспалы ошақты жеңіп алып, Геликон лираларына сыйға тарттым” деп баяндалған (В.П.Яйленко...35 бет). [1]

Толығырақ

өңдеу

Гомер – ежелгі грек халқының аты аңызға айналған эпик ақыны. Алайда Гомер туралы нақты деректер жоқ. Оның өмір сүрген уақытын шамамен б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлардың арасы деп көрсетсе, Отаны ретінде 7 қала аталады. Олар: Смирна, Хиос, Колофон, Саламин, Родос, Аргос, Афины қалалары. «Гомер» сөзінің өзі бірнеше мағынада түсіндіріледі («соқыр», «тұтқын», «пайғамбар», «ақын» т.б.). Гомер өміріне байланысты ежелгі тарихшы Геродот, Плутархтың т.б. зерттеулері бір-біріне қарама-қарсы. Мифке сүйенсек, Гомердің ата-бабалары әншілер Мусей мен Орфей; әкесі – Аполлон құдай (кейде өзен құдайы Мелет), ал шешесі Каллиопа деп айтылады.

Гомерді өлең шығарарда музалар шабыттандырып отырған. Гомер бүкіл Грекияны, Кіші Азия жағалауларын аралап жүріп өлең шығарған, поэтикалық жарыстарға қатысқан соқыр ақын болған деген де болжам бар. «Одиссея» поэмасында бейнеленетін туғаннан соқыр аэд Демодокты Гомердің өз бейнесі болуы да мүмкін деген де болжамдар бар. Павсанийдің айтуынша, Гомер Хиос аралында дүние салған. Бұл шындыққа жанасымды пікірлердің біріне жатады. Себебі, бұл аралда өздерін «Гомердің ұрпақтарымыз» деп есептейтін «гомеридтер» деп аталатын ру өмір сүрген. Олардың көпшілігі әнші болып келеді. Гомерлік диалект көнегрек тілінің ионийлық және эолийлық диалектілерінің қосындысы болғандықтан, Гомердің қай тайпаға жататындығы жайлы да нақты деректер жоқ.

Грек мифологиясына сүйенсек, Эллиннің (ежелгі гректер өздерін – эллин деп атап, отанын – Эллада дейтін болған) Дор, Эол және Ксуф атты үш ұлы; Ксуфтың Ион есімді баласы болған. Осыдан келіп, тайпалар мен диалектілер – дорийлық, эолийлық және ионийлық болып үшке бөлінген делінеді. Кішіазиялық жағалаудың солтүстігінде эолийлықтар, орталығында ионийлықтар, ал оңтүстігінде дорийлықтар орналасқан.[2] Грек халқының жыршы-аэдтерінің бірегейі Гомер қаламынан туындап, әлем халқына танылған туындылары: «Илиада» мен «Одиссея» поэмалары. Бұлар – ежелгі грек халқының батырлық жорықтарын суреттейтін көркем шығармалар. Аталған поэмаларының шыққан дәуірі, қандай жағдайда дүниеге келгені жөнінде мәліметтер сақталмағандықтан, оларға қатысты әлі де анықталмаған, шешілмеген күрделі мәселелер көп. Ғылымда бұл «Гомер мәселесі» деп қарастырылады.[3] «Гомер мәселесі» эллиндік дәуірде туды. Б.з.б. ІІІ-ші ғасырда грек ғалымдары Гомер поэмаларының түпнұсқасын көптеген қолжазба материалдар негізінде қалпына келтіруге тырысты.

Сонда ғалымдар поэмалардың айырмашылықтарын байқайды. Кейбір александриялық мектептің филологтары мәтіндік талдауларға сүйене отырып, тіпті «Илиада» мен «Одиссея» екі түрлі автордың шығармасы деген қорытындыға келді. Бірақ, олардың жорамалы қолдау таппайды. Көптеген зерттеушілер «Илиада» поэмасы ақынның жас күнінде жазылған; оның негізгі тақырыбы – әрекет пен күрес, батырлардың көзсіз ерлігі; автор батырлардың жойқын соғыстағы асқан қаһармандығын шабыттана жырлаған; ал «Одиссея» ақынның қартайып, шау тартқан шағында жазылған дүниесі болғандықтан, мұнда Одиссей батырдың басынан кешкен қиындықтарын баяндаумен ғана шектелген деген қарсы пікір айтады. Антика заманының ойшылдары Гомерді пір тұтқанымен, оның кемшілігін жиі, ашық айтып отырған.

Ақын, философ Ксенофон Колофонский (б.з.б. VІ ғасыр) Гомер шығармаларына көп сын айтса, Платон оны тірі болса мемлекеттен қуып шығуға дайын екенін жасырмайды. Оның ойынша, Гомер поэмалары жастарды бұзады, олардың тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Гомердің ең қатал сыншысы Зоил болды (б.з.б. ІV ғасыр), кейін оның аты жалпыланып, «Зоил» сөзі «аяусыз, кешірімсіз, зұлым сыншы» деген мағынада қолданылды. Гомерді кемсітіп, оның еңбектеріне күлгені үшін жырдың табынушылары Зоилды жардан лақтырып жібереді. Софист, философ Дион Хорцостың (б.з.б. І-ІІ ғасырлар аралығы) пайымдауынша, Гомер поэмаларының негізі дұрыс қаланбаған, себебі Троя соғысы гректердің атақ-даңқсыз, көп азап шегіп Отанына құр қол қайтуымен аяқталады. «Гомер мәселесімен» Аристотель, Метродор Лампсаксий (б.з.б. V ғасыр), александриялық филолог Зенодот (б.з.б. ІІІ ғасыр), Аристарх Самофракийский (б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырлар аралығы) және Аристархтар да айналысқан. Антика дәуірінде бұл шығармаларға жазылған көптеген түсіндірмелер мен комментарийлер сақталған, ол – схолия деп аталды.[4]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9
  2. Тоқшылықова Г.Б. Антика әдебиетінің тарихы. Алматы, 2011.
  3. Античная литература. Анпеткова-Шарова Г.Г., Чекалова Е.И. Ленинград, 1981
  4. Античная литература. Под ред. проф. А.А.Тахо-Годи. Москва, 1973
  NODES
os 1