Дуадақ (лат. Otis tarda) — тырнатәрізділер отрядының бір тұқымдасына жататын құс. Шығу тегі жөнінен тырналарға ұқсас болғандықтан оларды бір отрядқа жатқызады. Дуадақдың қазба қалдықтары эоцен дәуірінен белгілі. Дене тұрқы тауыққа ұқсас. Дуадақ — үнсіз әрі сақ жүретін құс. Құрлықта жүруге, жүгіруге бейімделген үш бармағы болады. Салмағы 4 — 11 кг, ірілері 20 кг-ға жетеді.[2]

Дуадақ

Амандық күйі

Vulnerable (IUCN3.1) [1]
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Құстар
Сабы: Тырнатәрізділер
Тұқымдасы: Otididae
Тегі: Otis
Linnaeus, 1758
Түрі: O. tarda
Екі-есімді атауы
Otis tarda
Linnaeus, 1758
     Mainly      Mainly summering grounds      Mainly wintering grounds
     Mainly

     Mainly summering grounds

     Mainly wintering grounds
Otis tarda

Шөл,шөлейт далада мекендейді.Дуадақтар жасағында 24 түр бар,Қазақстанда олардың үш түрі бар: безгелдек, жорға дуадақ, дуадақ (Otіs tarda). Дуадақтың қауырсыны тығыз келеді, мойны қысқа әрі жуан. Қанатының ұзындығы 570 — 670 мм. Құйымшақ бездері болмайды. Қауырсындарының түсі ашық қоңырқай, ұсақ қара жолақтары бар. Құрсақ жағының қауырсындары біркелкі ақ түсті. Қазақстанның оңт.-шығысындағы шөлейтті далада, тау бөктерінде топтанып, кейде жекелей тіршілік етеді. Дуадақ — жыл құсы. Көктемде ұшып келеді де, қазан — қараша айларында жылы жаққа ұшып кетіп, Тәжікстан мен Түрікменстанда қыстайды. Қораздары мекиендерінен ірі, әрі тамағының астында бір топ селдір қауырсындары болады. Жұп құру кезінде “күй ойнаққа” түседі де, қораздары қанаттарын көтеріп дүрдитеді, мекиендерін айналып билейді. Мекиендері 2 — 3 сарғыш, тарғыл жұмыртқасын жердегі ұяларына салады, оны 20 — 30 күндей шайқайды. Балапандары ширақ болады. Дуадақ өсімдіктермен, кейде ұсақ жәндіктермен де қоректенеді. Бұрын Қазақстанда дуадақ көп болған. Ел арасында дуадақты “шөл тауығы”, “тоқтыбалақ”, “қозыбалақ” деп те атайды. 20 ғасырдың 50-жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде олардың саны азайып кетті. Қазір дуадақтың үш түрі де қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Олар Қорғалжын, Наурызым, Үстірт қорықтарында қорғалады.[3] Жиекдуадақ (жорға дуадақ) Қазақстанның оңтүстік жартысындағы шөл және шөлейт далада мекендейді. Тіршілік әрекеті дуадаққа ұқсас. Дуадақтан ерекшелігі- денесі кішірек және мойнында қара жолақтың болуы. Құмды жерлердің жиегін ала көп кездесетіндіктен, бұл құс жиекдуадақ деп аталады.

Дуадақтардың ең кішкене түрі- безгелдек, оның денесінің мөлшері тауықтай. Ол өте шапшаң жүгірі, лезде көзден таса болатындықтан, безгелдек деп аталады. Оны Қазақстанның батыс аймақтарынан сирек кездестіруге болады. Бұл-өте сақ құс.[4]

Дереккөздер

өңдеу
  1. BirdLife International (2004). Otis tarda. 2006. IUCN Red List of Threatened Species. IUCN 2006. www.iucnredlist.org. Retrieved on 11 мамыр 2006. Database entry includes justification for why this species is vulnerable
  2. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 ISBN 9965-607-02-8
  3. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  4. Қ.Қайым,Б.Муханов,Р.Сәтімбекұлы,М.Шаймарданқызы, "Жануартану"(1998), 203б., ISBN 5-625-03599-7


  NODES
INTERN 1