Импичмент (ағылш. impeachment — сенімсіздік, лат. impedivi — «алдын алды, шорт кесілген») — парламент тарапынан жүргізілетін жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерді қызметінен тайдыру рәсімі.

АҚШ президенті Э. Джонсон импичменті. 1868 ж.

Импичмент әр мемлекетте сол елдің Конституциясына және заңдарына сәйкес жүреді. Импичментті негізгі қузаушы субъекті – парламент. Алғашқы импичменттік жағдай Ұлыбританияда болды. Импичмент арқылы сотқа беру бастамасы Ұлыбританияның Қауымдар палатасының құзырына берілген. Лордтар палатасы бұл істе сот функциясын атқарады. Ең алғашқы импичмент тәжірибесі 1876 ж. лорд Легмерге қарсы жүргізілді, ал соңғы әрекет 1904 ж. флоттағы жемқорлықты әшкерелеу мақсатында жасалды. Импичмент процесін тоқтатуға Ұлыбритания королінің де құқы болмаған. АҚШ тәжірибесінде импичмент ісін Конгресс бастайды. Импичмент соты Өкілдер палатасында жүргізіледі, сот қызметін Сенат орындайды. Импичментті жүзеге асыру үшін сенаторлардың 2/3 бөлігінің дауысы жиналуы керек. АҚШ Президентінің ісі қаралған жағдайда Сенат сотының төрағасы қызметін тек Жоғары сот төрағасы ғана атқара алады. Импичмент жүзеге асырылса Президент қызметінен тайдырылып, үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Ресейде импичмент жағдайы РФ Конституциясының 93-бабына сәйкес Федералдық жиналыстың ұйғарымымен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Конституциясында Республика Президентіне импичмент жөнінде мәселе қозғала қалған жағдайда, ол мәжіліс депутаттарының дауыс басымдылығымен шешіледі, бірақ алдымен импичмент туралы бастаманы депутаттардың 1/3 бөлігі қолдау қажет. Бұл жағдайда импичмент ісін Сенат жүргізеді. Сенаттағы іс қарау үрдісі депутаттардың басым көпшілік дауыстарын алғанда ғана тиісті шешім шығара алады. Келесі сатыда импичмент процесі екі палатаның біріккен мәжілісінде жүреді. Екі палата мәжілісінде импичмент жөнінде шешімнің өтуі үшін әр палата депутаттарының 3/4 бөлігі қолдауы керек. Сонымен қатар барлық атқарылған сот істерінің Конституция мен тиісті заңдарға сәйкестігін мақұлдайтын Жоғары соттың ұйғарымы мен Конституциялық кеңестің шешімі қажет.[1]

Сілтемелер

өңдеу
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том


  NODES