Одра
Одра, Одер, Одр (чех. 'және пол. Odra, нем. Oder, сіл. Uodra, ж.-сор. Wódra, т.-сор. Odra) — Батыс Еуропадағы өзен. Шығыс Судет тау сілемінен (Чехия) басталып, Польша жерімен ағады. Ныса-Лужицка (Нейсе) саласы қосылған жерден Одра бойымен Польша мен Германияның шекарасы өтеді. Одра Балтық теңізінің Шецин шығанағына құяды. Ұзындығы 906 км, су жиналатын алабы 125 мың км². Негізгі салалары Бубр, Ныса-Лужицка (сол), Варта (оң). Орташа жылдық су ағымы сағасында 480 м³/с, ең көбі 3000 м³/с. Су деңгейі жоғарғы ағысында 5–7 метрге көтеріледі. Козле қаласынан (Польша) төменіректе кеме қатынайды. Эльба, Висла өзендерімен каналдар арқылы жалғасқан. Одра бойындағы ірі қалалар: Острава (Чехия), Ополе, Вроцлав, Шецин (Польша), Одердегі Франкфурт (Германия).