Роялти (ағылш. royalty — төлемақы) — лицензиялық келісім затын пайдалану құқығы үшін лицензиат (сатып алушы) сатушыға (лицензиарға) төлейтін тұрақты төлем (сыйақы). Атап айтқанда, пайдалы қазбаларды өндіру және техногенді түзілімдерді өңдеу барысында жер қойнауын пайдалану құқығы үшін; авторлық құқықтарды‚ патенттерді‚ бағдарламалық қамтамасыз ету‚ үлгілерді‚ тауар белгілерін‚ ноу-хауды‚ өнеркәсіптік сауда немесе ғылыми-техникалық жабдықты‚ кинофильмдерді‚ бейнефильмдерді‚ дыбыстық жазбаларды және қуатты пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін төленетін дүркіндік төлем.

Оның мөлшері лицензиялық өнімнің пайдасынан, құнынан (бағасынан, өзіндік құнынан) алынған пайыз есебімен немесе оның бір өлшеміне шаққандағы есеппен айқындалады. “Роялти” термині табиғат ресурстарын қазып алу құқығы үшін, соның ішінде концессия шартына сәйкес қазып алу құқығы үшін пайдаланушы (концессионер) жерді немесе жер қойнауын меншіктенушіге аударатын төлемақы ретінде де қолданылады.[1] Мұндай төлемақы шикізаттың құнына енгізіледі, оның мөлшері өндірілген немесе өткізілген пайдалы қазбалар құнының пайызы есебімен, кейде тіркелген сома түрінде есептеледі. Роялти кәсіпкерлік қызметтен алынған табыс болып табылады және резиденттер үшін 30%-дық мөлшерлеме бойынша, бейрезиденттер үшін 20%-дық мөлшерлеме бойынша салық салынады. [2]

Дереккөздер:

өңдеу
  1. Банк терминдері мен ұғымдарының қазақша-орысша сөздігі. / Ғ. Сейіткасымов, Б. Бейсенғалиев, Ж. Бекболатұлы — Алматы: Экономика, 2006. ISBN 9965-783-20-9
  2. Қазақ энциклопедиясы, 7 - том


  NODES