Самырсын (лат. Abіes), майқарағайқарағай тұқымдасына жататын көп жылдық мәңгі жасыл ағаш. Қазіргі кезде 40-тан астам түрі белгілі, негізінен Солтүстік жарты шарда өседі, ішінара тропиктік белдемдерде (Мексика, Гватемала) кездесетін түрлері де бар. Қазақстанда Алтай, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) мен Талас Алатауында, Батыс Тянь-Шаньда теңіз деңгейінен 2000 м-ге дейінгі биіктік белдеулерде өсетін 2 түрі: Сібір Самырсыны (A. sіbіrіca) және Ақ қарағай (А. semenovіі) бар. Олардың биікт. 35 м-ге, діңінің жуанд. 55 см-ге дейін жетеді. Қылқан жапырақтары таспа пішіндес, ұзындығы 4 см-дей. Аналық тұқым бүрі жасыл не қызыл түсті, аталық гүлі масақты, алдыңғы жылғы бұтақтарының ұшында орналасады. Жетілген тұқым бүрлері цилиндр тәрізді, қошқыл не қоңыр түсті, бірінші жылы піседі. Тұқымы төңкерілген жұмыртқа тәрізді, ұзындығы 8 — 10, ені 8 мм-дей, қанаты болады. Самырсын 200 жылдай өмір сүреді. Самырсынның діңі жұмсақ, жеңіл, ол целлюлоза өндірісінде, құрылыста қолданылады. Тұқымының құрамында лак, бояу өндіру үшін қолданылатын май болады. Қабығынан шайыр алынады, сағызы (живица) желім ретінде, қылқаны медицинада майқарағай майын алу үшін пайдаланылады. Самырсындар — аязға төзімді ағаштар, бірақ мәдени түрде өсіру үшін ылғалды және салқын климат керек.[1]

Суреттер

өңдеу
 
 
 
 
 
 

Пайдаланылған cілтемелер

өңдеу
  1. Қазақ Энциклопедиясы, 7 том
  NODES