Тебес (Мысыр) (көне грекше: Θῆβαι, ежелгі мысыр тілінде - Уасыт) – Мысыр елінің ежелгі астанасы. Ніл өзеннің бойында орналасқан. Жазба деректерде б.з.б. 3-мыңжылдықтың ортасынан бастап белгілі. Бүкіл Мысырды біріктірген ХҚ әулет перғауындары кезінде (б.з.б. 22 – 20 ғасырлар) Тебес елдің астанасына айналды. Кейбір жекелеген перғауындар өз орттарын басқа қалаларға ауыстырса да Тебес Орта және Жаңа патшалық кезінде де астана болып қала берді. 22 – 23 (ливиялық) әулет кезінде (б.з.б. 10 – 8 ғасырлар) Тебес саяси орталық ретінде өз маңызын жоғалтып, діни орталыққа айналды. Мұнда Амон құдайының жартылай тәуелсіз жоғары шенді абыздарының сарайы орналасты. Шамамен б.з.б. 730 жылы Тебесті Куш Пианхи патша жаулап алды. Ал б.з.б. 663 жылы қаланы ассирия патшасы Ашшурбанипал қиратып, астана елдің солт-не көшірілгеннен кейін Тебес өз рөлінен айрылды. Діни орталық ретінде өз маңызын сақтап қалғанына қарамастан біртіндеп шалғай қалаға айналды. Б.з.б. 88 жылы қала кезекті халық көтерілісін басу кезінде мүлдем талқандалды. 19 ғасырдың 1-жартысынан бастап әр түрлі елдердің ғалымдары Тебес ғибадатханаларын қалпына келтіру мен қазба жұмыстарын жүргізе бастады (неміс ғалымы – К.Р.Лепсиус, ағылшындар – У.Питри Флиндерс, Х.Картер, америкалық Х.Уинлок, т.б.). Тебес аумағында үлкен ғибадатханалық ансамбльдер (шығыс жағалауындағы Қарнақ пен Лұқсорда) орналасқан. Батыс жағалауында негізінен некропольдар (Бибан-әл-Молұқ, т.б.) мен перғауындардың табыттары қойылған ғибадатханалардың қалдықтары сақталған. Олардың ішінен Аменхотеп ҚҚҚ-нің (б.з.б. 15 ғасыр, арх. Аменхотеп, Хапудың ұлы) ғибадатханасы, гректер “Мемнон колосстары” деп атаған перғауынның екі алып мүсіні, ғибадатханадан Нілге қарай кететін сфинкстер аллеясы (сфинкстердің екеуі қазіргі кезде Санкт-Петербургте), Рамсес ҚҚ перғауынның ғибадатханасы (Рамессеум) көпке танымал болды. Тебеске жақын жердегі Дейір-әл-Баһриде ежелгі Мысыр кешенді құрылысы орналасқан. Тебестің тұрғын үйлері зерттелген жоқ, өйткені олар қазіргі Лұқсор қаланың астында қалып қойған.

Сілтемелер

өңдеу

Қазақ Энциклопедиясы, 9-шы том.

  NODES