ФракияБалқан түбегінің шығыс бөлігінде орналасқан тарихи аймақ. Ежелгі Фракия Стримон өзінінен солтүстікке қарай Дунайға дейін созылып жатты. Фракияның оңтүстігі — Жерорта теңізінің жағалауына тиіп тұрған қыратты жазық дала. Кіші Балқан таулары елдің осы аймағын оның солтүстігінен (қазіргі Добруджа) бөліп тұр. Фракияның тарихы салыстырмалы түрде аз зерттелген.

Фракия аймағы

Тарихы

өңдеу

Ежелгі тарихы

өңдеу

Фракияның ежелгі түрғындары бірнеше жауынгер тайпалардан тұрды (фракиялықтар). Фракия туралы алғаш рет Гомердің поэмаларында айтылады. Б.з.б. VIII-VII ғасырларда Фракия аймағында гректер қоныстанып, жергілікті тайпалармен соғыс жүргізді. V ғасырдың басында одристер тайпасы Фракия мемлекетін құрды. Олар Фракияның басқа тайпаларын бағындырып, мемлекет аймағын кеңейтті. Алғашқы патшасы Терес болды. Ол Қара теңіздің батысындағы грек отарларын бағындырып, оларға алым-салық салды. Терестің мұрагері Ситалк тұсында Фракия одан әрі күшейді. Афина Ситалкті өзіне одақтас ету үшін оның ұлдарына Афина азаматтығын береді.

Мемлекет өзінің шарықтау шегіне б.з.б. V ғасырдың аяғында I Севт билігі кезінде жетті. Бұл уақытта Фракия өзінің күміс ақшасын шығарды. Фукидидтің мәліметі бойынша оған бағынышты грек қалалары төлейтін алымның көлемі 400 талантқа (1 талант — 26,2 кг күміс) жеткен. Б.з.б. IV ғасырдың басында I Севт қайтыс болды да, Фракияда билік үшін күрес басталды. Одристер мемлекеті екіге бөлініп, оның оңтүстігі I Севт билігінде, ал ішкі аймағы Медок билігінде қалды. Афина Фракия жағалауында өз ықпалын күшейту мақсатымен б.з.б. 390 жылы I Севт және Медокпен одақтастық шарт жасасты. Фракия өз ықпалын Афинада Котис (б.з.б. 383-359) патшалық құрған кезде де сақтап қалды. Котис Фракия тайпаларының басым көпшілігін біріктірді. Афина Екінші теңіз одағын құрып, Фракия жағалауында ықпалын күшейтуге тырысқанда Котис оған қарсылық көрсетті. Афиналықтардың Афиполь қаланын басып алуға бағытталған саясаты Котиспен арада соғыс тудырады. Котис б.з.б. 360 жылы Сестті басып алды да, Афина отары Фракиялық Херсонесті қоршады. Соғыс б.з.б. 359 жылы Котистің кенеттен қайтыс болуымен аяқталды. Оның ұлдары билікке таласып, нәтижесінде Фракия үшке бөлінді. Котистің үлкен ұлы Керсоблепт Фракияны біріктіруге ұмтылды. Алайда мұны қаламаған Афина оған қарсы әскер жіберді. Афина қолбасшылары Кефисодот, Хабрии және Харидем Керсоблепт армиясынан бірнеше шайқаста жеңілді.

Б.з.б. 357 жылы Афина Фракияға Харес бастаған жалдамалылар әскерін жіберуге мәжбүр болды. Харес Фракияның үш патшасын Афинамен келісім шарт жасауға мәжбүр етті. Келісім бойынша Афинаға Фракиялық Херсонес берілді. Афинаның осы уақыттарда одақтастарымен жүргізген соғысын пайдаланып, Керсоблепт Фракияны біріктіруге бағытталған іс-әрекет жүргізді. Б.з.б. 4 ғасырдың 60-жылдары Фракия қайтадан Афинамен одақтастық қатынастарды жандандырды.

Фракия тәуелсіздігіне II Филипп патшаның билігі кезінде күшейген Македон патшалығы қауіп төндірді. Б.з.б. 356 ж. II Филипп Фракия жағалауын жаулап алуды бастады. Одақтастық соғыс жүргізіп жатқан афиналықтар II Филиппке қарсылық көрсете алмады. Сестті басып алған Афина стратегі Харестің Фракиялық Херсонестегі әскери қимылдары уақытша II Филипптің жорығын тоқтатты. Бірақ б.з.б. 352 ж. Македония патшасы Фракия патшаларына қарсы екінші жорық жасап, оларды өзіне бағындырды.

Ортағасырлық тарихы

өңдеу

46 жылы Фракия Рим империясының провинциясына айналып, 395 жылы Шығыс Рим империясының құрамына кірді. VI ғасырда Фракияны славяндар мекендеді. Бірінші Болгар патшалығы (680-1018) кезінде Фракия аймағы ішінара оның құрамына қосылды. 1204 жылдан бастап біраз уақыт Латын империясына кірді. XV ғасырда Ұлы Османлы Мемлекетінің қол астында болды. Берлин конгресі шешімімен (1878) Фракияның бір бөлігі Шығыс Румелияға қосылды. Бірінші Балқан соғысынан (1912-1913) кейін, Лондон бітім шарты (1913) бойынша Фракия аймағы түгел дерлік Болгарияға қосылды. Бірақ Екінші Балқан соғысынан кейін Бухарест бітім шарты (1913) бойынша Батыс Фракияның бір бөлігі Грекияға берілді. Константинополь бітім шарты (1913) бойынша Шығыс Фракия Ұлы Османлы Мемлекетіне ауысты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Фракияның бір бөлігі Грекияға ауысып, Севр бітім шарты (1920) бойынша Грекияға Шығыс Фракия Адрианополь қаласымен қоса берілді. Лозанна бітім шартына (1923) сәйкес Шығыс Фракия Андрианопольмен қоса Түркияның қол астына өтті, ал Батыс Фракия Грекияның қарамағында қалды. Ішкі Фракияның бір бөлігі Болгарияға бекітіліп берілді. Бұл шекара Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де сақталды.

Дереккөздер

өңдеу

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

  NODES