Фреондар

фреондар

Фреондар (лат. frіgor — суық) — тоңазытқыш машиналарда суытқыш реагент ретінде қолданылатын құрамында фторы бар қаныққан көмірсутектердің қосылыстары. Фреондардың құрамында фтордан басқа хлор, бром да кездеседі. Фреондардың 40-тан астам түрі белгілі, олардың көпшілігі өндірістік жолмен алынады. Техникада Фреондар арнайы белгіленеді. Ол Ф әрпінен және үш саннан тұрады. Ф. — фреон, 1-сан көміртек атомдарының санынан 1-ді алғанға, ортаңғы сан сутек атомдарының санына 1-ді қосқанға, ал соңғы сан фтор атомдарының санына тең. Мысалы, C2F3Cl3— Ф-113, CF2Cl2 — Ф-012 немесе Ф-12 болып белгіленеді, т.б. Фреон — иіссіз газ немесе сұйықтық, олар органикалық еріткіштерде жақсы, суда нашар ериді. Фреондардың ең көп таралғандары дифтордихлорметан (CF2Cl), фтортрихлорметан (CFCl3) және дифтордихлорметан (CHF2Cl2), олардың қайнау темп-ралары оларға сәйкес —29,8 — 23,8°С және — 40,8°С. Фреондар жанбайды, ауамен қосылып жарылғыш заттар түзбейді және салыстырмалы түрде химиялық инертті, алайда ашық отпен жанасқанда улы дифтор- және фторхлорфосген түзіп, ыдырайды. Фреондар тоңазытқыш реагенттерден басқа, аэрозольдік орамада ұшқыш құраушылар (прополенттер), өрт сөндіргіш ретінде, сондай-ақ фторолефиндер мен олардың негізінде түзілетін полимерлерді алу үшін шикізат ретінде қолданылады. Фреондар стратосфераға көтерілгенде фотохимиялық ыдырауға түсіп, соның нәтижесінде хлор иондары бөлініп шығады. Бұл хлор иондары химиялық реакцияның катализаторы ғана болып қоймай, озон молекулаларын ыдыратып, Жер бетін ультракүлгін сәулеленуден сақтайтын озон қабатына қатер төндіреді; қ. Озон “жыртығы”.

Фреон баллондар

Сілтемелер

өңдеу

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

  NODES