Фунгицидтер (лат. fungus — саңырауқұлақ және caedo — өлтіру) — мәдени дақылдарды саңырауқұлақ қоздыратын аурулардан қорғау үшін қолданылатын химиялық препараттар. Құрылымы жағынан фунгицидтер органикалық және бейорганикалық болып бөлінеді. Ертеде фунгицидтер ретінде мыс пен темірдің, күкірт пен мырыштың бейорганикалық қосылыстары қолданылған. Қазіргі фунгицидтер түрлерінен: формальдегид, беномил, триазол, карбендазим, триадимефон, флутриафол, приоклостробин және сынап пен хлор, т.б. элементтердің органикалық қосылыстары, тилт, альто-супер, рекс, фалькон, скор, импакт, ридомил МЦ, т.б. пайдаланылады. Бұлардың көпшілігі өсімдікті аурудан қорғаумен қатар оны сол аурудан айықтыра да алады және бір дақылда ауру түріне байланысты бірнеше фунгицидтер қолданылуы мүмкін. Фунгицидтердің әсері бүркілген соң 1 — 2 сағат аралығында өсімдік мүшелеріне сіңіп, қорғау мерзімі 20 — 30 тәулікке дейін жетеді. Фунгицидтертер жиі қолданылатын ауруларға: астық дақылдарында кең таралған сары, қоңыр және сабақ таттары, септориоз, көкөніс пен бау-бақша және жеміс-жидек дақылдарындағы фитофтороз, мильдю, таз қотыр, монилиоз, сұр шірік, т.б. жатады. Фунгицидтер қолдану мөлшері мен мерзімі және жиілігі арнайы тексеруден өтіп, рұқсат етілген пестицидтер тізімінде көрсетіледі. Фунгицидтертер ағаштан жасалған құрылыс материалдарын, теріні, т.б. өңдеуге де қолданылады.

Сілтемелер

өңдеу

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

  NODES