Хирургия (гр. cheіr — қол және ergon — әрекет) — медицинаның негізінен операция жасау арқылы емделетін ауруларды зерттеп (алдын алу, диагностикасын қою, емдеу), операция жасау тәсілдері мен әдістерін, техникасын іздестіретін клиникалық саласы. Хирургия медицинаның терапия және акушерлік салалары сияқты ежелгі заманнан дамығаны белгілі.

Ашық жүректе жасалған операция

Тарихы

өңдеу

Ежелгі хирургия

өңдеу
 
Гиппократ (Ἱπποκράτης) – ежелгі грек дәрігері, көне медицина реформаторы.

Біздің заманымыздан бірнеше мыңдаған жыл бұрын Мысыр дәрігерлері денедегі артық қанды ағызып, шығып кеткен буынды салып, қол-аяққа, қуыққа операция жасаған.

Ежелгі Үндістанда адамның маңдайынан алынған теріні пайдаланып, мұрындағы ақауларды пластикалық жолмен түзеткен. Ал ежелгі Қытай дәрігері Бянь Цио (б.з.д. 6 ғ.) адамның ішкі органдарының ауруларын, хирургияны және дұрыс тамақтануды зерттеумен қатар, ауруды емдегенде, ежелгі тибет және қытай медицинасының жетістіктері — акупунктура (қ. Инемен емдеу) мен күйдіруді кеңінен қолданған.

Хирургия Грекияда күшті дамыған. Гректің атақты ғалымы Гиппократтың хирургия жөніндегі жазған еңбектері осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Онда сынған сүйекті, шыққан буынды қалай емдегенін және адамның бас сүйегіне, ішегіне жасаған операциялары жайлы жазған.

Белгілі рим дәрігері Цельстің еңбектерінде көп қан кеткенде ампутация (ауырған не жарақаттанған органды кесіп тастау) жасап, қанды тоқтату, ірі қан тамырларын байлау, т.б. айтылған. Б.з.д. 2 ғасырда ежелгі римдік дәрігер Антиллус қан тамырының аневризміне (қан тамырының кеңеюі) операция жасап, өзінің еңбектерінде жыланкөзді қалай емдеу керектігін, органдағы тасты қалай бөлшектеуге болатынын жазған. К.Гален өлген адамды сойып, оның анатомиялық құрылысын зерттеп, алған қорытындысын өз еңбектерінде жазған. Бірақ сол кездегі шіркеу, дін басылары мұндай зерттеулерге тыйым салып, бұл хирургияның дамуына кедергі жасады.

Грек және римдік хиругтардың тәжірибелерін араб дәрігерлері одан әрі жетілдірді. Олар жарақаттарды түрлі дәрілік қасиеті бар шөптермен және шараппен емдеп, іріңді жараларды емдеуде спиртті пайдаланған. Гипс алғаш рет араб дәрігерлеріне белгілі болған, олар сынған сүйектерді гипсті таңғышпен байлауды қолданған. Атақты ғалым Әбу Әли ибн СинаныңДәрігерлік ғылымның каноны” атты еңбегі медицинаның дамуына зор әсер етті.

Ресейдегі хирургия

өңдеу

Хирургияның қарқынды дамыған кезеңі 19 ғасыр, бұл кезде хирургиялық тәжірибеде наркоз және асептика (операцияға, жараға пайдаланылатын аспаптарды, заттарды микробтан тазарту) кеңінен пайдаланды. Бұл кезде хирургияның әрі қарай дамуына Ресей дәрігері Н.И. Пироговтың, оның шәкірті П.П. Пелехиннің, Н.В. Склифосовскийдің, М.С. Субботиннің, Н.Н. Бурденконың, А.Н. Бакулевтің, Б.П. Петровскийдің, А.А. Вишневскийдің, т.б. еңбектері орасан зор әсер етті.

Қазақстандағы хирургия

өңдеу
 
Hieronymus Fabricius, Operationes chirurgicae, 1685

Қазақстанда бұрын хирургиялық емдеуді сынықшы, бақсы, балгерлер жүргізген. Алғашқы аурухана (лазарет) Семей, Өскемен әскери бекіністерінде 1720 жылы ашылған. 1845 жылы Ордада (Орал) ішкі органдарды емдейтін 15 төсектік аурухана ашылды. 1934 жылы Республикалық қан құю станциясы, 1939 жылы бұғақ ауруына қарсы диспансер ашылды. Республикада хирургия 1950 жылдардан бастап қарқынды дами бастады — өкпе, кеуде, жүрек-қантамыр хирургиясы, сондай-ақ ангиокардиография және рентгенді-эндоваскулярлық әдістер кеңінен қолданылды. Эндоскопиялық техника жетілдірілді, мұның нәтижесінде кеңірдек пен өңеш, асқазан мен ішек ісіктерін (полиптерін) алып тастау операциялары жетілдірілді.

20 ғасырдың 70 — 80-жылдары ауруларды ультрадыбыс арқылы анықтау, компьютерлік томография, ядролық магнитті-резонансты томография әдістері хирургиялық тәжірибеде кеңінен қолданылатын болды, сондай-ақ лазер және микрохирургия техникасы игерілді. 1990 жылдан бастап оперативті видеотехника іске қосылды. Эндовидеохирургияны клиникалық тәжірибеге енгізудің нәтижесінде кеуде және құрсақ қуысына лапароскопиялық операциялар жасалынатын болды.

Қазіргі уақытта лапароскопиялық телевидеоқондырғылар республиканың барлық облыстар орталықтарында орнатылған. Қазақстанда видеоскопиялық хирургия 20 бағытта дамыған және сол арқылы эндокриндік жүйеге, әйелдердің жыныс органдарының әр түрлі ауруларына реконструктивті операциялар жасалынады. Жүрек-қантамырын эндоваскулярлы стентірлеу, кава-фильтрлерді орналастыру, қолқаны эндоскопиялық жолмен протездеу, соғып тұрған жүрекке операция жасау игерілді. Жүректің ишемиялық ауруын, миокард инфарктісін, жүрек жетіспеушілігін емдеуде бағаналы клетканы қолданып регенерациялық терапия жүргізу жетілдірілді. Бұл миокардтың қалыпты қызмет ететін жаңа тіннің өсіндісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір бұл бағытта бағаналы клеткаларды органдар мен жүйелердің әр түрлі ауруларында қолдану үшін эксперименталды зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ органдар мен жүйелердің, әсіресе, паренхиматозды, эндокринді органдар, орталық және шеткі жүйке жүйесі мен сүйек-буын жүйесінің транспланталогиясын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Хирургияның онкология, нейрохирургия, ортопедия, пластикалық хирургия, микрохирургия, т.б. салалары жақсы дамыды. Қазақстанда хирургтардың 2 конгресі (1997; 2003 ж., екеуі де Алматыда) өтті.[1][2]

Республикада хирургияның дамуына ғалымдар:

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ ұлттық энциклопедиясы, 9 том
  2. О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Surgery
  NODES