Элам, Элам МемлекетіТигр өзенінің төменгі ағысынан шығысқа қарай, Иран таулы үстіртінің оңтүстік-батыс бөлігінде (қазіргі Иранның Хизустан және Луристан облыстарының аумағы) орналасқан ежелгі мемлекет (б.з.б. 3 мыңжылдық – 6 ғ-дың ортасы). Эламның негізгі облыстары Барахши, Симашки, Аншан (Анзан); қалалары – Адамун, Аван, астанасы – Сузы болды. Бұл өңірде б.з.б. 2-мыңжылдықтан бастап ғибадатханалық және патшалық шаруашылықтарда, сондай-ақ қауымдарда құлдардың еңбегі кеңінен пайдаланыла бастады. Эламдықтардың Қосөзеннің басқа мемлекеттерімен қақтығысуы жиілеп, бірнеше рет Аккадтың қол астына тап болды. Аван әулетінен шыққан соңғы патша – Пузур-Иншушинак кезінде өз тәуелсіздігін жеңіп алып, ол Элам біріккен патшалығының (23 – 22 ғ-лар) бірінші билеушісі болды. Гутийлердің (кутийлердің) қысқа мерзімдік үстемдігінен кейін Эламдағы жоғары билік Симашки әулеті патшаларының қолына өтті. Олар бастапқыда Урдың ІІІ әулеті билеушілеріне (шамамен 21 ғ.) тәуелді болды. Алайда эламдықтар көп ұзамай бұл тәуелділіктен құтылып қана қоймай, тіпті аз уақытқа болса да оңт. Өзенаралығындағы Ларс патшалығында орнығып қалды. Симашки әулетінен кейін билікке келген Аншан әулеті патшалары кезінде Эламда қос билікке, кейде үштік билікке жол берілген басқару жүйесі орнады. Уақыт өте келе Элам билеушілері Өзенаралығы мемлекеттерімен бәсекелескен күшті орталықтанған мемлекет құр-ды. 14 ғ-дың 2-жартысында Эламды касситтер жаулап алды. Унташ – Напириш (1275 – 1240) патша кезінде Элам касситтерге тәуелділіктен құтылды, ал Китен – Хутран (шамамен 1237 – 1205) кезінде эламдықтар касситтік Вавилонға қауіп төндірді. Саяси өрлеу Вавилондағы кассит әулеті билігін жойған (шамамен 1155 ж.) Шутрук – Наххунт І-дің (шамамен 1150 – 1120) билігі кезінде басталды. Шилхак – Иншушинак (1150 – 1120) патшаның кезінде Элам аумағы айтарлықтай кеңейтілді. Бірақ көп ұзамай өзінің Оңт. Өзенаралығындағы үстемдік жағдайын Вавилонға беруге мәжбүр болды. Бұдан кейінгі ғасырлардағы Элам тарихы белгісіз. 8 – 7 ғ-ларда Элам патшалары Вавилонмен одақтасып, Ассирияға қарсы бірлескен күрес жүргізді. Ішкі саяси талас-тартыстармен әлсіреген Эламды б.з.б. 6 ғ-дың бас кезінде Мидия, кейінірек – парсылар жаулап алды.

Элам тілі

өңдеу
Толық мақаласы: Элам тілі
  NODES