Қырмызыгүл
Қырмызыгүл (лат. Calendula) – астралылар тұқымдасына жататын жартылай бұта, бір жылдық, кейде көп жылдық шөптесін өсімдік. Биіктігі 50 см-дей. Сабағы бұтақтанып өседі. Жапырақтары ұзынша қондырма, қандауыр пішіндес, жиектері тегіс. Гүл шоғы ұзын гүл сидамына орналасқан себетгүл, оның шетін 1 — 2 қатар жапырақ қоршап тұрады. Гүлі көбіне сары, сарғыш түсті, сондай-ақ қос жынысты, хош иісті. Тұқымы таға пішінді. Мамыр айының аяқ шенінен бастап, суық түскенге дейін гүлдейді. Жемісі — дәнек. Қазақстанның барлық аймағында егілетін 1 ғана түрі бар, ол — дәрілік қырмызыгүл (С. offіcіnalіs). Оның құрамында календен атты ащы зат, шайыр, әр түрлі қышқылдар, шырышты заттар және каротиноидтар, алкалоидтар, эфир майы бар. қырмызыгүлдің дәрілік қасиеті ежелгі Грекияда белгілі болған. Халықтық медицинада қырмызыгүл жара, безеу, шиқан, ұшық және көз ауруларын емдеуге қолданылады. Себеті тамаққа пайдаланылады. Саябақтар мен гүлзарларда әсемдік үшін қолдан егіледі. [1]
Қырмызыгүл | ||||||||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Calenduleae sp.
| ||||||||||||||||||
Ғылыми топтастыруы | ||||||||||||||||||
| ||||||||||||||||||
түрлері | ||||||||||||||||||
15–20 түрі белгілі |
Өсімдік туралы
өңдеуҚырмызыгүл – қашқаргүлдер тұқымдасына жатады. Тұқымдасында 30-ға жуық түрі Жерорта теңізінің жағалауында таралған. Көбінесе ол біржылдық өсімдік. Қырмызыгүлдің өзіне тән жұпар иісінен алыстан тануға болады. Көгалдандырудан гөрі емдік мақсатта өте ерте заманнан қолданылып келеді. Біржылдық гүлдердің ішінде жер талғамай тұқымы шашылып өздігімен де шыға беретін гүлдің бірі. Биіктігі сұрпына қарай 15-75 см аралығында болады. Сабақтары қырлы, жабысқақ түкті болып келеді. Гүлдері сабағына тығыз орналасады. Жай күлтелі және гүлпарлы болып екіге бөлінеді. Диаметрі 4-10 см аралығында. Түсі солғын сарыдан, қызғылт сары түске дейін болып келеді.
Қолданылуы
өңдеуКөгалдандыруда гүлінің ашық бояуы, ұзақ әрі мол гүлдеуімен, күтімді аса қажет етпейтіндігімен бағалы. Оны гүлзарларда, жол жиектеріне, ыдыстарға отырғызып қала көгалдандыруында да, жеке бақшаларда да көп қолданады. Биік түрлерін тек көгалдандыруда ғана емес, кесіп гүлшоқтарын жасауға да пайдаланады. Кесілген қырмызыгүлдер 10 шақты күнге дейін әдемілігін жоғалтпайды. Көшеттерін еккенде, арақашықтығы 20-30 см болуы керек.
Күтімі
өңдеуҚырмызыгүл – күтімі оңай өсімдік. Ашық күн түсетін жерде жақсы өседі. Суыққа шыдамды. Топырағы жеңіл, орташа құнарлы, ылғалды болғанын қалайды. Өсімдікке көңді гүл түйін салғанға дейін қосу қажет, ал одан әрі қарай өте көп қолдануға болмайды, себебі көңде азот көп болғандықтан жапырақтары мол болып өсуіне пайдалы, ал біз жапырағы емес, гүлі үшін өсіретіндіктен, гүлдейтін гүлдерге арналған тыңайтқыштармен қоректендіріп тұрған абзал. Ұзақ әрі мол гүлдеуі үшін, гүлшоғыры тұқымданып кетпей тұрып, гүл күлтелері қоңырқай тарта бастағанда, жұлып тұрған дұрыс. Тұқымын қыркүйек айынан бастап жинауға болады.
Көбейтілуі
өңдеуБіржылдық гүлдерді жыл сайын тұқымнан көбейтіп өсіріп отырады. Мамыр айында гүлдету үшін, ақпан айының соңы, наурыз айының басында жылыжайда немесе үйде 20-22ºС жылылықта тұқым арқылы көбейтеді. Тұқым 5-7 күнде өніп, өскін шығарады. Өскінде бір-екі жапырақ шыққанда, көшеттеп, әрқайсысын жеке отырғызады. Сәуірдің соңында немесе мамыр айының басында, көктемнің ызғарлы суығы өткеннен кейін, көшеттерді далаға егеді. Өскін өніп шыққан уақытынан бастап, 50-60 күннен кейін гүлдей бастайды. Бақшаға сәуірдің аяғы, мамырдың басында тұқымынан егетін болсаңыз, жаздың ортасында гүлдейді.
Қырмызыгүл туралы тақпақ
өңдеуГүлдің аты - қырмызы,
Терген талай қыр қызы.
Құшақ-құшақ гүл сыйлап,
Қуантыпты құрбыны.
Қажет етпес күтім көп,
Жинар ел ем үшін деп.
Он күн өңін жоғалтпас,
Тұрар жайнап, бүтін боп.
Сілтемелер
өңдеу- Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт Мұрағатталған 20 ақпанның 2012 жылы.
Дереккөздер
өңдеуҚ 74 Құлжабаева Г.Ә.;«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені, Біржылдық гүлдер: Дидактикалық материал. - Алматы, 2011. - 16 б; ISBN 978-601-7237-49-3
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |